ҚазҰУ музейінде патриоттық шара өтті

05.05.2021

Көрулер: 3234

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті музейінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай «Ер есімі – ел есінде» атты дәстүрлі патриоттық шара өтті. Оған оқу орнының әскери кафедра оқытушылары мен курсанттары қатысты.

Ерлік сабағын музейдің бас маманы Ардақ Жүмекеқызы ашып, шараның жас ұрпаққа берер тәлімдік мәніне тоқталды. Ол әскери кафедра ұландары ертеңгі ел қорғаны екенін айта отырып, Ұлы Отан соғысында қаһармандығымен көзге түскен университет қызметкерлерінің ерлігін үлгі етті. Өз сөзінде бас маман: «Бүгінгі күні жас ұрпақты мәдени мұралар мен елінің терең тарихы арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың бойына халқының тілі мен ділін, тегі мен салт-дәстүрін сіңіру – заман талабы әрі қоғам қажеттілігі» деген ойымен бөлісті.

Көпшілік назарына «Университет – Ұлы Отан соғысы жылдарында» бейнеролигі ұсынылды. Музей мамандары дайындаған таныстырылымда соғысқа аттанған университет өкілдері жайлы мол мағлұмат қамтылды. Қатысушылар университет ұжымының Ұлы Жеңіске қосқан елеулі үлесін атап өтіп, ел үшін соғысқан қайсар жандарға мәңгі борыштармыз деп пікір білдірді.

Сондай-ақ ерлік сабағы соңында полковник, тарихшы Мұхтар Назарбаевтың «Стратегия Победителей» кітабының тұсаукесер салтанаты өтті. Кітапта фашистік Германияның Кеңес Одағына шабуылы, жауынгерлеріміздің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанкешті ерліктері баяндалған. Автор тарихи деректерге сүйене отырып, жастармен бабалар ерлігі тақырыбында сұхбат құрды.

Шараға атсалысқан әскери кафедра ұжымы ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, тәлімді шараның жастарға ой салғанын жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі