1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!

01.05.2021

Көрулер: 8579

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары! 

 

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

«Бірлік болмай – тірлік болмас» деген қанатты сөз қағидасын берік ұстанған біздің ел үшін бұл мерекенің орны ерекше.

Жыл сайын атаулы күні Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт өкілдері достық пен ынтымақтың жарқын көрінісін паш етеді.

Өйткені Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты ту еткен рухы биік, қуатты ел атанды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласты. Ынтымақты ырысқа, алуандықты байлыққа балаған біз бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырдық» деп, татулықтың – басты байлық екенін атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі» деп бір мақсат, бір мүддеге жұмылған ел бірлігіне айрықша маңыз берді.

Мәде­ниет­аралық диалог пен толеранттық көзқарастардың ілгерілеуіне ҚазҰУ ұжымы да өзіндік үлес қосып келеді.

Бүгінгі таңда оқу ордасында 200-ден астам өзге ұлт өкілдерінен құралған оқытушы-профессорлар құрамы қызмет етеді. Олардың қатарында орыс, ұйғыр, кәріс, қырғыз, украин, өзбек, түрік, неміс, болгар, хахас, ингуш, еврей, дүнген, күрд азаматтары бар.

Бұған қосымша, 2082 өзге ұлт студенттері білім алады.

Олардың әрқайсысы бірлік пен тірлік ұштасып, татулық пен тыныштық қалыптасқан елдің берекесі мол, іргесі нық, болашағы бекем боларын жақсы түсінеді.

 

Құрметті әріптестер, білім алушылар!

 

«Ел дегенде емініп, жұрт дегенде жүгініп» қызмет етер Қазақстан халқының әл-ауқаты артып, достық қарым-қатынасы күшейе берсін!

Орайлы сәтті пайдалана отырып, баршаңызға денсаулық, еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін!

Мереке құтты болсын!

 

Құрметпен, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор   Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ