ҚазҰУ-да Түркология кафедрасы ашылады

05.03.2021

Көрулер: 3521

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің отырысында университет ғалымдары 2021-2022 оқу жылының оқу процесін ұйымдастыру, университет қызметін цифрландыру, оқу ғимараттары мен студенттер үйлерін жаңа оқу жылына дайындау, кафедралар жұмысын жолға қою және басқа университет аясындағы өзекті мәселелерді талқылады.

ҚазҰУ оқу ісі жөніндегі проректоры Асқар Хикметов оқу үдерісін ұйымдастыру және жаңа оқу жылының дайындығына тоқталды. Атап айтқанда, 2020-2021 оқу жылы шамамен 21 мың бакалавр, 3233 магистрант, 1289 докторант және 45 интерн оқыса, алдағы жаңа оқу жылында олардың саны өзгермек. Осыған орай, мамандар студенттердің қатарын шетелдіктер есебінен толықтыра түсу керектігін алға тартты.

Жыл сайын ҚазҰУ-ға қазақстандық мектептердің үздік түлектері грантқа түседі, ал жоғары балл ала алмағандар ақылы курстарда оқиды. Проректордың айтуынша, университеттегі 16 факультеттің – журналистика, медициналық, заң, халықаралық қатынастар сияқты бірқатары студенттердің басым бөлігін ақылы негізде қабылдайды. Сондай-ақ, ол профессорлар мен оқытушылар құрамы үшін ҚР БҒМ педагогикалық жүктемелер сағаттарын ұлғайтуды ұсынып отырғаны туралы ғалымдарға құлаққағыс жасады. ҚР БҒМ ұсынған үш нұсқаның бірінде педагогикалық жүктемені 650 сағатқа дейін ұзартуға болады. Бүгінде ҚазҰУ оқытушыларының педагогикалық жүктемесі 400 сағат. Бұл мәселені сағат саны мен білім сапасын салыстырып, оқытушылар мен ғалымдардың пікірін ескере отырып, түбегейлі талқылау ұсынылды. Асқар Хикметов мектеп түлектерін оқуға қабылдау барысында кейбір факультеттерде студенттердің балдары өзгеретінін де хабардар етті. Мәселен, филология факультетінде оқуға қабылдау баллы 100-ден 80-ге дейін төмендетілмек.

Кеңесте Ақпараттық технологиялар және инновациялық даму институтының директоры Е.Қыстаубаев университеттің цифрландыру қызметі туралы есеп берді. Ол ҚазҰУ жүйесінде пандемияға дейін пайдаланылған "Univer 2.0" БЖИ жаңару оқу процесіндегі LMS жүйелері және ҚБТ платформалары, ақпараттық жүйелер кешені туралы баяндама жасады. Алайда бұл мәселенің олқы тұстары баршылық болып шықты. Оқытушылардың сауалдарына қанағаттанарлық нақты жауап болмағандықтан, ректор институт директорына барлық факультеттерді аралап, ондағы оргтехниканың, интернет байланыстың бүгінгі күндегі нақты ахуалын тексеріп шығуға тапсырма берді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Халықаралық түркі академиясы бұдан он жыл бұрын Астанада құрылған. Қазақстан – түркі мемлекеттерінің орталығы болып табылады. Сондықтан ҚазҰУ қабырғасында түркі елдерінің мәдениетін, тілі мен әдебиетін зерттейтін кафедра ашу туралы ректор тапсырмасы бірауыздан қолдау тапты.

ҚазҰУ КЕАҚ Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев ғылыми кеңесте тыңдалған әрбір баяндамамен арнайы комиссия жете танысып, ондағы аталған күрделі мәселелерді шешуге қатысты нәтижелі ұсыныстар беруді тапсырды.

«Бүгін біз барлық күшті университетімізді ғылым және білім берудің жаңа деңгейіне көтеріп, алдыңғы қатардағы зерттеу орталығына айналдыруға бағыттауымыз керек. Алдағы уақытты оқытушылар мен студенттердің халықаралық ынтамақтастығын, академиялық қарым-қатынастарын белсенді түрде кеңейте түсеміз. Студенттеріміз сапалы білім алып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосатындай бәсекеге қабілетті болуы тиіс», деді білім ордасының басшысы.

Ғылыми кеңес соңында Жансейіт Түймебаев университет ұжымындағы әйелдер қауымын Халықаралық 8 наурыз мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады.