Швейцария елімен өзара ынтымақтастық

03.03.2021

Көрулер: 3854

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Швейцариялық экономика және басқару қолданбалы ғылымдар мектебі (Swiss-Sasem) арасында қос дипломды білім беруді дамыту перспективаларын айқындаған ынтымақтастық туралы меморандумға онлайн қол қою рәсімі өтті.

Стратегиялық құжатқа «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор Жансейт Түймебаев, Швейцариялық экономика және басқару қолданбалы ғылымдар мектебінің (Swiss-Sasem) ректоры Доминик Джордан және Swiss-Sasem Швейцариялық бизнес мектебінің президенті Мейром Ескендіртегі қол қойды.

Қонақтарды қарсы алған ректор Жансейт Түймебаев оларға өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіргендері үшін алғыс айтып, Швейцария әртүрлі салаларда, соның ішінде ғылым мен білім саласындағы жобаларды белсенді түрде дамытып келе жатқан Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Швейцариялық экономика және басқару қолданбалы ғылымдар мектебі арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілуде. Біз сіздердің мамандар даярлаудағы тәжірибелеріңізді жоғары бағалаймыз. Бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру және жоғары білікті оқытушылар мен сарапшыларды оқыту үдерісіне тарту университетті дамытуға және қос дипломды білім беру бағдарламаларына жаңа серпін беретініне мен сенімдімін», – деді Ж.Түймебаев. 

Кездесу барысында адами капиталды дамыту және жаңа формация менеджерлерін даярлау мәселелеріне баса назар аударылды. Өз кезегінде Швейцариялық экономика және басқару қолданбалы ғылымдар мектебінің ректоры Доминик Джордан, ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына осындай кездесу ұйымдастырғанына ризашылығын білдіріп, Swiss-SASEM жоғары мектебінің қызметі мен жоспарлары туралы баяндап берді. «Қазақстанның, Орталық Азия мен әлемнің жетекші университеттерінің бірі, бүгінде құрметті ректор, профессор Жансейт Түймебаев басқарып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен MBA және DBA бағдарламалары бойынша Қазақстанда қос дипломды бағдарламаны жүзеге асыру, біз үшін үлкен мәртебе. Біздің мақсатымыз –  адамдарға XXI ғасырдың барлық мүмкіндіктерін барынша пайдалану арқылы жетістіктерге қол жеткізуге жол ашу. Менің ойымша, білім - қоғамды жақсартудың ең маңызды құралы болып саналады», – деді Доминик Джордан.

Келіссөз барысында тараптар қол қойылған меморандум әртүрлі салалар мен қызмет көрсету орындарында жұмыс істейтін тәжірибелі-мамандар мен басшылардың кәсіби өсуі мен дамуына кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебі базасында ашылған әл-Фарабидің Бизнес Мектебі МВА және DBA білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады және осы бағытта қызмет көрсетудің университеттегі негізгі көшбасшысы болып саналады. Мектептің барлық бағдарламалары басқару саласы мамандарын даярлау мен біліктілігін арттыруға бағытталған. Екі жыл ішінде бизнес-мектеп көптеген шетелдік университеттермен өзара серіктестік меморандумына қол қойды және денсаулық сақтау саласында 36 МВА магистрі мен 33 МВА магистрін дайындап шығарды.

www.kaznu.kz