Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2020

26.01.2021

Көрулер: 4915

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы 2020» байқауының нәтижелері белгілі болды. Байқауға республиканың 73 жоғары оқу орнынан 623 үміткер қатысты. 48 университеттен 150 адам үздіктер қатарына енген байқауда әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дың 18 оқытушысы бар.

Жеңімпаздар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және біліктілігін арттыру мақсатында әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды.

БҒМ сайтында жарияланған ақпарат бойынша, оқытушылардың қызметі үміткерлердің жұмысын бағалаудың өзекті сапалық және сандық 2 блоктан тұратын көрсеткіштері бойынша бағаланды: I блок – оқыту сапасы, II блок – ғылыми-зерттеу қызметі.

Биыл алғаш рет «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2020» байқауына қатысуға өтінімдер беру, құжаттарды тексеру рәсімі, сондай-ақ апелляция онлайн режимде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілді. Конкурстың әрбір кезеңінде үміткерлердің жинаған балдары автоматты түрде ақпараттық жүйеде жарияланып, конкурс үміткерлері өз нәтижелерін онлайн режимде бақылай алды.

Республикалық кезеңде үміткерлердің жұмыстарын тексеру мақсатында Республикалық сараптау комиссиясы құрылып, оның құрамына ҚР БҒМ «Adal Bilim» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жобалық кеңсесінің қызметкерлері, ғалымдар мен оқытушылар, сондай-ақ өткен жылдардағы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегерлері кірді.

Назарларыңызға байқауда өз біліктіліктерін дәлелдеп, биіктен көрінген университетіміздің ғана емес, еліміздің ең үздік оқытушыларының есімін ұсына отырып, ғалымдарымызға биік белестерді бағындыра беруін тілейміз.

Байқау жеңімпаздарының тізімі ҮО-2020.docx

www.kaznu.kz