ҚазҰУ түлектер күні

30.05.2020

Көрулер: 3194

Жылдар бойы қалыптасқан дәстүр бойынша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектер күні мамыр айының соңғы сенбісінде аталып өтті. Биыл бұл іс шара Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орайластырылып, ерекше – онлайн форматта өткізілді.

Осындай формат жоғары оқу орнында алғаш рет көрініс тапты. Бұл ауқымды оқиға жетекші университеттің мыңдаған түлектерін қамтыды. Ұйымдастырушылардың күш-жігері мен заманауи технологиялардың мүмкіндіктерінің арқасында, түлектер араға көп жылдар салып қайта қауышып, сүйікті альма-матерлерін жаңа жетістіктерімен құттықтап, өз жаңалықтарымен бөлісіп, бір-бірінің табысты еңбектеріне қуаныштарын жеткізе алды. Мереке жылы және достық жағдайда өтіп, қатысушыларға жағымды эмоциялар мен күш-қуат берді.

Онлайн кездесуге ҚазҰУ-дың 3 мыңнан астам түлегі қатысты. Олардың арасында танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, дипломаттар, БАҚ басшылары, әр түрлі жылдардың түлектер бар.

Сүйікті университетін мерекемен құттықтағандардың қатарында: ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ түлектері қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов, ҚР Парламенті Сенаты комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Болат Сәрсенбаев, 2019 жылғы әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Айсұлу Тұрсунова, жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, сондай-ақ еліміздің басқа да танымал тұлғалары болды.

Қатысушылар ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың құттықтауын және жоғары оқу орнының жетістіктері туралы – «ҚазҰУ: болашаққа ұмтылған университет» бейнесюжетін үлкен қызығушылықпен тамашалады. Түлектер қауымдастығының президенті Қ. Мәми өз кезегінде «Тәлімгерлік – әркім ие бола алатын мүмкіндіктер» атты жаңа жобаның тұсауын кесті. Бір ауыздан қолдауға ие болған бұл жоба түлектердің университетпен байланысын нығайтуға, сондай-ақ студенттер, жас ғалымдар мен оқытушыларға аға ұрпақтың кәсіби шеберлігі мен тәжірибесінен өнеге алуға, заманауи қоғамда өз білімі мен құзыреттілігін пайдалануға көмектесуге бағытталған. Ол үшін кездесулер, шеберлік сағаттары, көшбасшылық дәрістер мен тәлімгерлердің тәжірибелік кеңестері, басқа да іс-шаралар өткізілетін болады.

Университет атына 20-дан астам алыс және жақын шетелдерден: Жапония, Қытай, Канада, Германия, Англия, АҚШ, Түркия, Польша, Израиль, Корея Республикасы және т.б. елдерден түлектердің 500-ден аса бейнежазбалық құттықтаулары келіп түсті.

Түлектер күні ҚазҰУ-дың мыңдаған оқытушылардан тұратын ұжымының, студенттері мен түлектерінің бірлігі мен ұйымшылдығын көрсетіп, еңсерілмейтін құндылықтар, ғылым мен білімнің, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің маңыздылығын айғақтады. Мерекелік кездесулердің материалдары және бейнежазбаларымен ҚазҰУ түлектері қауымдастығының сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі факультеттер мен кафедралардың парақшаларында толық танысуға болады