Жаңа тәрбие стратегиясы

17.01.2020

Көрулер: 4121

ҚазҰУ-да жоғары оқу орындарының тәрбие жұмысының өзекті мәселелері қазақстандық ЖОО-ның проректорлары кеңесінде талқыланды.

Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін жаңғырту және цифрландыру жағдайында тәрбие жұмысына үлкен көңіл бөлінеді. Әрбір жоғары оқу орнында заманауи, білімді, адамгершілік және іскер жаңа буын адамды қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды жұмыс жүргізілуде.

ҚазҰУ-да тәрбие жұмысы мәселелеріне арналған жұмыс кеңесінде республиканың әр аймағынан келген қазақстандық жетекші ЖОО-ның проректорлары мен өкілдері жиналды. Бағдарлама бойынша олар университеттің мұражайын аралап, парасаттылық мектебі мен ситуациялық басқару орталығымен танысты.

Кездесуде ЖОО-ның проректорлары тәрбие жұмысының стратегиясын, педагогикалық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған әрі іске асырылып жатқан жобалар мен жұмыстар туралы баяндап берді.

Қазіргі уақытта күн тәртібінде жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселесі өткір тұр. Жұмыс кеңесі Sanaly Urpaq республикалық жобалау кеңсесінің басшысы Қайыржан Токушевтің баяндамасынан басталды, онда спикер ЖОО басшылығы өкілдерінің назарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты енгізу және мониторинг жүргізу, тәуекелдерге жүйелі жұмыс жүргізу және ішкі талдау жүргізу қажеттілігіне аударды.

ҚазҰУ-дың әлеуметтік мәселелер және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаеваның сөз сөйлеуі қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Спикер өз баяндамасында қазіргі уақытта «Университет 4.0» жаңа буын моделіне көшуді жүзеге асыратын еліміздің жетекші ЖОО-ның тәрбие жұмысының стратегиясы туралы айтты.

«Бұл модель жоғары технологиялық және рухани-адамгершілік платформасын дамытудың симбиозына негізделген және білім беру, зерттеу, инновациялық-кәсіпкерлік және рухани-адамгершілік сияқты төрт миссияны жүзеге асыруды біріктіреді», – деп атап өтті Шолпан Ерболқызы.

Баяндамашы барлық қазақстандық жоғары оқу орындарын «Университет 4.0» моделіне көшуін ұсынып, спикер тәрбие және жастар саясатының тиімділігін арттыру бойынша негізгі тәсілдер мен технологияларды жан-жақты ашты.

Әлеуметтік және тәрбие жұмысының бағыттары туралы Сүлеймен Демирел атындағы университет ректоры Қуаныш Ерғалиев өз сөзінде тілге тиек етті. Халықаралық бизнес университетінің (UIB) әлеуметтік даму жөніндегі басқарушы директоры Бахтияр Сабденалиев студенттердің әлеуметтік-эмоциялық ой-өрісін дамыту қажеттілігіне назар аудара отырып, осы саладағы қызықты жұмыстарды ұсынды. Сондай-ақ, спикер жастар кәсіпкерлігін және әлеуметтік белсенділікті дамыту мақсатында ЖОО-да жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды.

Кеңес қатысушылары ҚазҰУ-да «парасаттылық мектебін» басқаратын Қарлығаш Үсеінованың презентациясына назар аударды. Спикер жас буынға жоғары адамгершілік нормаларды: парасаттылық, әділдік, адалдық, заңдылық және кәсіпқойлықты тәрбиелеу мақсатында қарқынды, шығармашылық атмосфераның, ұжымдық және жеке оқыту нысандарының рөлін атап өтті.

www.kaznu.kz