Қытай академиясы ынтымақтастыққа мүдделі

11.11.2019

Көрулер: 2924

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу жұмысы жөніндегі проректоры Асқар Хикметов Қазақстандағы үздік жоғары оқу орны ҚазҰУ-ға арнайы танысу мақсатымен келген Гансу басқару академиясының (ҚХР) делегациясын қабылдады. Кездесу барысында екі ел жоғары оқу орындарының өкілдері алдағы уақыттағы өзара ынтымақтастық қарым-қатынастарды өрбіту жолдары жөнінде әңгімелесті.

Гансу басқару академиясынан келген қонақтар мемлекеттік және жергілікті органдарға жылына қанша маман дайындайтындарын, олардың жұмыспен қамтылу деңгейі туралы қысқаша мәліметтерді айта келіп, екі елдің жоғары оқу орындарында студенттер мен оқытушыларды алмастыру, өзара тәжірибе алмасу сияқты мақсаттарының барын айта келіп, екіжақтық ынтымақтастық меморандумның жобасымен таныстыруды ұсынды.

Біз Гансу провинциясындағы мемлекеттік органдарға кадрлар дайындаймыз, қоғам үшін әлеуметтік мәселелерді зерттейміз. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша екі елдің арасында өте тығыз байланыстар орнады. Көптеген салалар бойынша табыстарға қол жеткіздік. Екі оқу орындары арасында да осындай ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік бар. Тығыз қарым-қатынастар екі жақтың даму екпінін үдетіп, жаңа бағыт жолдарының ашылуына серпін береді. Сіздерд мемлекеттік қызметкерлерді дайындау бағытында мол тәжірибелеріңіз бар, біз сіздерден үйренгеміз келеді. Алдағы уақытта студенттерімізді алмастырып оқытсақ, оқытушылар бір бірімен тәжірибе алмасатын болса, нұр үстіне нұр болар еді - деген ниетін білдірді өз сөзінде Гансу басқару академиясының профессоры Ванг Вей.

ҚазҰУ проректоры Асқар Хикметов бұл мәлелелер бойынша академияның басшыларымен кездесіп, жіті талқылау қажеттігін, сондай-ақ, Қытайдағы мемлекеттік кадр дайындау жүйесін зерттеу үшін оқытушыларды жіберіп, тәжірибе алмасуға болатындығын атап өтті. Сондай-ақ, тараптар трансшекаралық су ресурстарын бөлу, баламалы энергетика көздері, жалпы жасыл экономика бойынша ынтымақтастық зерттеулер жүргізу сияқты көптеген мәселелерді талқылады.

www.kaznu.kz