Әлемнің Әбдіжәмілі

19.10.2019

Көрулер: 4146

Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Қазақстан халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбдіжәміл Нүрпейісовтің 95 жылдығына арналған «Әбдіжәміл Нүрпейісов әдеби әлемі» атты шығармашылық кеш өтті.

Әдеби кешке Қазақстанның көрнекті жазушылары Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржеке, Смағұл Елубай, халықаралық Қазақ пен-клубының президенті, белгілі жазушы-журналист Бигелді Ғабдулин, қоғам қайраткері, әдебиет пен мәдениеттің жанашры Бекет Тұрғараев сияқты әдебиет саласының көптеген танымал өкілдері қатысты.

– Бүгінгі кеш қуатты қалам иесі, қазіргі қазақ әдебиетіндегі асқарлы биігі, ұлт мақтанышы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нүрпейісовтің 95 жылдық мерейтойлық мерекесіне арналып отыр. Шын мәніндегі қазақ әдебиетінің классигі, бұрынғы Кеңес одағының Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбдіжәміл Кәрімұлы қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосқан аса көрнекті шығармашылық тұлға. Қазақтың жазба әдебиеті аса бай тарихы бар үлкен әлем. Сол көркемсөз саласына Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды әдебиет алыптарының ізін жалғаған Әбдіжәміл Нүрпейісовтің «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сияқты шығармалары әдебиеттің алтын қорына салынған үлкен үлес саналатын асыл қазына. ХХ ғасырдың екінші жартысында жарық көріп әлем оқырмандарының назарын аударған «Қан мен тер» трилогиясы әлем әдебиеті ойшылдарының үздік бағасына ие болды. Шығарма кино, театр сахналарынан көрініс тауып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Өз шығармаларында кейіпкерлері болмысы арқылы ұлт бейнесін сомдады, тұрмыс-тіршілігін жан-жақты аша білген Әбдіжәміл Нүрпейісовтің туындылары тек өз әдебиетіміздің ғана емес, сонымен қатар әлемдік әдебиеттің қорына өзіндік орнымен қосылған алтын құйма десек артық айтқандық емес. Әбдіжәміл Кәрімұлының ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет еткен шығармалары жалпы ортаға жол тартары сөзсіз. Оған куә – осы залды толтырып отырған жастар, - деді өз сөзінде салтанатты әдеби кешті ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

Жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай өз баяндамасында Әбдіжәміл Нүрпейісовтің шығармалары жайлы ғана емес, жазушының қалың оқырман біле бермейтін қырларын ашты. «Әбекең, шынында, тек жазушы емес, ол «жалаңтөс баһадүр, күрескер жазушы» деген болар едім. Бұл кісінің бүкіл өмірі күрескерлікпен өткен. ХХ ғасырдың басында бала кезінде ашаршылықтан қазақтың қырылғанын көрген адам. Одан кейін боздақтарды тізіп қойып атқан сталиндік зұлматты да көрді, 700 қазақ мектебін жапқан тың игеру науқанын да көрді. Осыдан кейін ол күрескерлікті бастаған. Алғашқы қадамы – бұл қазақты кемсіткен, қазаққа қиянат жасаған қоғамға жауап беретін, қазақтың кім екенін танытқан «Қан мен тер» эпопеясы болды. Бұл шын мәнінде бұл күрескерліктің ең улкен нәтижесі еді. Кейін 1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде де қарап қалмады. Бұл кісі жазушы ретінде қызыл империяға қарсы қимылдады. Сол жылы Мәскеуде жалпыодақтық партия пленумы болды. Сол жиында Әбекең сөз сөйледі. Сөзінің алдында «мені тоқтатпаңдар» деп ескертті. Сол пленумда ол «Колбинді временщик» деп, ол сөзін әрі қарай талдады. Оның мағынасын «жаны ашымас» дегенге келтірді. Содан кейін тағы бір айқай шықты. Қызыл империя ыдырайтын кезде жан-жағын жалмағысы келді. Сол кезде «Известия» газетіне Солженицынның «Как обустроить Россию» деген мақаласы шықты. Ол мақаласында Қазақстанның солтүстік облыстары Ресейдің жері деп жариялады. Осы кезде оған қарсы шыққан Әбекең болды. «Известияға» «своя и чужая боль» деген мақаласын жариялады. Онда Қазақстанның жерінде 1897 жылғы санақ бойынша славяндардың саны 17 пайыз болғанын Одақтың алдына жайып салды да Солженицынге сілейте соққы берді. Бұнымен де әңгіме бітпеді. Әбекең енді «генсекке» айбар жасады. 1991 жылдың мамыр айында КСРО бас хатшысы Горбачев Алматыға келді. Абай опера және балет театрында өткен жиында Әбекең трибунаға шығып сөз сөйледі. «Глубокоуважаемый Михаил Сергеевич» деп сөзін бастаған Әбекең қазақтың 70 жыл бойы көрген қиянатын «генсектің» алдында түгендеп шықты. Соның бәрін бүкіл қауымның алдына шығарып, соның барлығына империалық саясат дегенді ашық айтып Горбачевті қалың жұрттың көзінше «сабады». Жазушыдан жылы сөз күткен Горбачев енді қолына ұстап келген «Правда» газетінің артына тығыла бастады» деп Смағұл Елубай классик жазушы туралы әңгімелерін ортаға салды.

Кеш барысында университеттің оқытушылары мен студенттері Әбдіжәміл Нүрпейісовтің шығармалары бойынша өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды қойып, жазушының өз аузынан оларға жауап алып, әңгімелерін тыңдады. Ол кісінің жанында көп жүрген жазушы Дулат Исабеков Әбдіжәміл ағасының даналығы мен «балалығы» жайында әзіл әңгімелерін айтып жұртты күлдіріп отырды.

– Әбекеңнің қыр-сыры көп екенін айтып жатырмыз ғой. Әдетте жазушылар шығармасын әңгіме, повесть сияқты кішкене дүниеден бастайды. Бұл кісі болса іріден бастайды, соғысқа барып келді де бірден «Курляндия» деген роман жазды. Содан кейін «Қан мен тер» трилогиясын жазып әйгілі болды. О Қазақстаннан бір де бір атақ алған жоқ, бірден Кеңес одағының Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Әбекең 40, 50, 60 жас мерейтойын жасаған жоқ, бірден 95 жасын тойлап отыр. Бұл да оның ірілігі. Енді осы ағамыз 100-ден асып тағы бір ірілік жасасын деп тілеймін, - дейді жазушы Бексұлтан Нұржеке.

Бүгінде 95 жасқа келіп жатқан қазақ әдебиетінің абызы Әбдіжәміл Нүрпейісов кезінде Сәбит Мұқановтың ақылымен алғаш осы Қазақ университетінде оқыған екен, бір курстан кейін Әдебиет институтына ауысқан. Әдеби кеш барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың бұйрығымен халық жазушысы Әбдіжәміл Нүрпейісов университеттің дамуына қосқан айырықша үлесі үшін Үлкен Алтын медальмен марапатталды. Жазушы өз кезегінде осындай қадір-қошамет көрсетіп жатқан университет басшысына алғысын білдірді, оқу орнының студенттеріне сабақтарын жақсы оқып болашақта халқына қызмет ететін улкен азамат болыңдар деп батасын берді.

www.kaznu.kz