ҚазҰУ ғалымы Мальтада баяндама жасады

20.10.2019

Көрулер: 3223

Валетта қаласында (Мальта) «Жоғары білім берудегі толеранттылық бағытындағы академиялық үдерістер» атты алғашқы халықаралық симпозиум өтті. Әлемнің барлық континенттеріндегі елдердің өкілдері қатысқан шараны Мальта Президенті Джордж Велланың қолдауымен Толеранттылық пен бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңес ұйымдастырды.

Екі күнге созылған симпозиум барысында отыздан астам профессорлар, мемлекеттік мекемелердің және халықаралық ұйымдардың өкілдері баяндамалар жасап, толеранттылық пен бейбітшілік мәселелерін талқылауға қатысты.

Симпозиумның ашылу салтанатында Мальта Президенті, Мальта университетінің ректоры және Толеранттылық пен бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңестің президенті сөз алып, қазіргі кезеңде мәдениеті, діні мен тілі алуан түрлі әлемде өмір сүріп жатқанымызды, осы орайда адамзат үшін толеранттылық пен бейбітшілік орнатудың аса маңыздылығын атап өтіп, өзара түсіністік пен үйлесімділік өркениеттің тұрақты дамуының кепілі болуы керек екендігін алға тартты.

Халықаралық симпозиумға Шығыстану факультетінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі деканның орынбасары Джакубаева Салтанат қатысып, «Қазақстанның толеранттылық идеялары мен концепциялары» атты тақырыпта баяндама жасады. Түрлі елдердің өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде, ол Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатқандығын, ал толеранттылық – қазақ халқының тарихында біте қайнасып кеткен қасиеттерінің бірі екендігін атап өтті. Сонымен бірге, елімізде барлық ұлттардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалып, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық қарым-қатынастарды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратындығына назар аударды. Бұл тәжірибе басқа мемлекеттерге үлгі бола алатындығы алға тартылды.

Баяндама шараға қатысушы қауымның үлкен қызығушылығын тудырды, сөз соңында Мальта президенті Джордж Велла және симпозиумның басқа қатысушылары деканның орынбасары Салтанат Төлеуқызымен сұхбаттасты. Ол өз кезегінде Ассамблеяның қызметі, мемлекетте ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласындағы қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-текжейлі айтып берді, сондай-ақ ҚазҰУ мен БҰҰ Өркениеттер альянсының бірлескен жобасын жүзеге асыру мысалында университеттердің ел және әлем азаматтарының қалыптасуындағы рөлін көрсетті.

 www.kaznu.kz