Студенттер қатарына қосылды

17.10.2019

Көрулер: 3971

Жылдағы дәстүр бойынша Қазақ ұлттық университеті 1 курс студенттерін ресми түрде студенттер қатарына қабылдады.

Ауқымды студенттік мерекеге биыл 6 мыңнан аса бакалавриатқа түскен бірінші курс студенттері келді. Олардың 5 мыңнан асасы мемлекеттік білім грантын иеленген үздік мектеп түлектері болса, қалған басым бөлігі «Алтын белгі» иегері, әртүрлі байқаулар мен халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы және 1200-ге жуық шетел азаматтары  бар.

Алғаш рет Қазақстандық университет - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдегі 400 ең үздік университеттер арасында 207 орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде тағы да алға шықты. Бұл топқа посткеңестік кеңістіктен тек екі университет ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті кіреді.  

Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы алаңында өткен мерекелік шарада «Аl-Farabi Smart Unversity», «100 кітап», «Айналаңды нұрландыр!», «Ар-намыс кодексі», «Саламатты дене мәдениеті» сынды университеттің негізгі жобалары композициялық қойылымдар арқылы 1-курс студенттеріне таныстырылды. Әсем әуен аясындағы тағылымы мол көріністердің көпшілігін бірінші курс студенттері жоғары курс студенттерінің көмегімен әзірледі.

Дәстүр бойынша бірінші курс студенттеріне білімнің символдық атрибуты беріліп, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов студенттерге салтанатты түрде ID карта мен білім кілтін  табыстады. Бұл марапаттар археология және этнология факультетінің студенті Жаңбырбаев Ернұр, ақпараттық технологиялар факультетінің студенті Датқа Мағжанға ұсынылса, «Білім кілті» журналистика факультетінің студенті Ахметова Ақбота мен шығыстану факультетінің студенті Тілектес Назеркеге табысталды.

Мерекелік шарада студенттер университет пен ел игілігі үшін бетке ұстар азамат болуға, оның абыройын асқақтатуға, бәсекеге қабілетті маман болуға ант беріп, «Гаудеамус» және «Жасай бер, ҚазҰУ-ым» әнін хормен шырқады. «Студенттік билет» пен «Білім кілтін» иеленген 1 курс студенттері ресми түрде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері қатарына қосылды.

Салтанатты шараға университет басшылығы, университеттің танымал түлектері мен құрметті қонақтар, оқытушылар, жастар ұйымдарының белсенділері және спорт шеберлері қатысты. Мерекелік кеш соңы әр факультеттің өкілдері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

www.kaznu.kz