«Кәкімжан Қазыбаев – қайраткер, қаламгер, азамат»

21.09.2019

Көрулер: 4938

Ғылыми шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер мен шәкірттері қатысты. Ғылыми-практикалық конференцияны ашқан ҚазҰУ-дың ректоры Ғалым Мұтанов жиналған қауымға алғысын жеткізіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жіберген жеделхатын оқыды. Мемлекет басшысы өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болған Кәкімжан Қазыбаевтың отбасына амандық, бақ-береке тіледі.

Ғылыми-практикалық конференция барысында Кәкімжан Қазыбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильм қатысушылардың назарына ұсынылды.

Шара барысында ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, ақын Бауыржан Жақып «Кәкімжан Қазыбаевтың жазушылық қыры» тақырыбында баяндама жасап, дара тұлғаның шығармашылығына егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

Сондай-ақ қоғам және мемлекет қайраткері, академик Көпжасар Нәрібаев, жазушы Жанболат Ауыпбаев, Қазақ тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов естеліктерімен бөлісіп, халықтың жанашыр ірі тұлғаның азаматтығы, ізденіс жолдары жайында баяндап берді.

Ал жазушы Сұлтан Оразәлі қайраткер тұлғаның ерліктерін тізіп шықты. Соның бірі – «халық жауының қызы атанған Орынша Қарабалина-Қазыбаеваны өмірлік жар етіп таңдауының өзі махаббат жолындағы үлкен ерлік. Ал рейхстагтың басына ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың екендігін дүйім жұртқа деректермен ділелдеп, оны насихаттауы да үлкен ерлік», – деп атап өтті.

Айтулы шараның соңында Кәкімжан Қазыбаевтың жұбайы Орынша Қарабалина-Қазыбаева тұлғаның өмір жолы, қызметтегі хикаялары жайлы сыр тарқатып, барша қатысушылар мен ҚазҰУ ұжымына алғысын білдірді.

Ұлтын сүйген тұлғаның ұлы, Alash Media Group медиахолдингінің бас директоры Батыр Қазыбаев әкесімен замандас болған тұлғалардың ерлігіне тоқталып, ерекше ілтипатын жеткізді. Сондай-ақ, шара барысында Кәкімжан Қазыбаевтың өмір жолына, шығармашылығына арналған сайтты да (kazybaev.kz) таныстыра кетті.

Жиналған жұрт Кәкімжан Қазыбаев тұлғасын тағы бір қырынан танып қайтты.

www.kaznu.kz