Тілдер мерекесі

21.09.2019

Көрулер: 5984

Шығыстану факультеті «Тiлдер мерекесі» аясында қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде «Тiлдер мерекесі» аясында қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Үш тiлде жүргізілген кешті Қиыр Шығыс кафедрасының 1 курс студенттері ұйымдастырды. Кеше ғана университет табалдырығын аттаған студенттеріміз мерекелік iс-шарада әрбір тiлдiң құндылығы мен маңызын дәріптеп қана қоймай, өз өнерлері мен қабiлеттерiн дүйім жұртқа паш етті. Ұлы Абай атамыздың қанатты сөздерін, өлеңдерін жатқа айтып, іс-шараны өткізуде ұтымды пайдаланған жүргізушілер сазды кештің әсерлі өтуіне ерекше сән берді. Кей студенттерiмiз дәстүрлі домбыра, қобыз сынды аспаптардың құлағында ойнап, көрермендердi әсем әуенмен баураса, енді біреулері шығыс және батыс тiлдерiнде ән айтып, заманауи би билеп, жаңашылдық көрсете бiлдi. Сол себепті, бұл мерекені өткенiмiздi болашақпен байланыстырған көпір ролін атқарды деуге де болады.

Мерекелік іс-шараның негізгі мақсатының бірі – университетімізге жаңадан түскен студенттердің қабілетін байқау. Сонымен қатар, оларды осындай мәдени шараларға қатысуға баулу. Дана халқымыз «Жетi жұрттың тiлiн біл, жетi түрлі iлiм бiл», – дейді. Шынында да, тiл үйрену арқылы біз өзiмiздi жаңа қырымыздан таныта аламыз.

www.kaznu.kz