ҚазҰУ грант бойынша көшбасшы

08.08.2019

Көрулер: 5720

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқу гранттарының саны бойынша еліміздің жоғары оқу орындары арасында көшбасшы болып қала береді. Биыл 5,7 мыңнан астам үздік мектеп түлектері ҚазҰУ-ды таңдап, мемлекеттік білім грантына ие болды. Олардың басым бөлігі «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары.

ҚазҰУ гранттар саны бойынша басқа жоғары оқу орындарынан оқ бойы озық тұр. Саналы әрі үлкен мақсатқа толы талапкердің сапалы білім алуы үшін еліміздегі жетекші оқу орнын таңдауы аталмыш университетке деген жоғары сенімді білдіреді.

ҚазҰУ әлемдегі үздік топ-210 ЖОО-ның қатарында әрі білім, ғылым және инновацияның жетекші орталығы болып табылады. Мұнда әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен әріптестікте қос дипломды білім берудің 70 бағдарламасы жүзеге асырылуда, сондай-ақ ағылшын тілінде оқыту белсенді енгізілуде және болашақта қажетті жаңа мамандықтар да ашылуда.

Талапкерлер жоғары оқу орнындағы актуарлық математика, нанотехнологиялар, геоэкология, интернет заттар және Big Data, киберфизика, робототехникалық жүйелер, фармацевтикалық бизнес технологиясы және басқа да жаңа білім беру бағдарламаларына ерекше қызығушылық танытты. Биыл ҚазҰУ-ға түсуші үміткерлер үшін ҰБТ-дан 100 балдан кем болмау талабы қойылды. Мұндай шешім еліміздің жетекші ЖОО-да білім алуға ниет білдірушілердің санының көптігіне байланысты қабылданды. Сондай-ақ университетке түсетін шетелдік студенттердің де саны айтарлықтай артты. Бұл ҚазҰУ-дың әлемдік білім беру кеңістігіндегі жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

www.kaznu.kz