Ирантанушы студенттер Саади қорынан шәкіртақы алды

18.02.2019

Көрулер: 2991

ҚазҰУ-дың ректорат мәжілісінде Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшісінің Кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин және Иран Ислам Республикасындағы Иран Елшілігінің мәдени өкілдік директоры Али Кабриаи Заде шығыстану факультетінің ең жақсы, белсенді студенттеріне 2,2 млн. теңге көлемінде шәкіртақы табыстады.

Шәкіртақы Иран Ислам Республикасының Саади қоры арқылы парсы тілі мен шығыстану мамандығын меңгеріп жатқан ақылы бөлімде оқитын 3-4 курстың үздік студенттеріне тағайындалып отыр. «Соңғы кезде Иран елін танып, білуде көп жұмыс жасалуда, соның бір дәлелі рухани жаңғыру аясында біздегі ашылған «Иран-Тұран» орталығын айтқым келеді. Ал, Иран елінде жоғары оқу орнында «Әл-Фараби» орталығы ашылды. Алдағы уақытта да осындай бірлескен жобалар болады дей аламын. Иран-Қазақстан арасындағы ынтымақтастық арта берсін дегім келеді», - деп университет басшысы Ғалым Мұтанов өз тілегін білдірді.

Бұл шәкіртақы шығыстану факультеті мен Иран Ислам Республикасының Саади қоры арасындағы 2015 жылы жасалған келісім-шартқа сәйкес, Иран тарапынан парсы тілін үйреніп жатқан ақылы бөлімнің үздік студенттеріне тағайындалады, яғни оқу ақысының жартысы төленеді. Саади қоры шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімімен ұзақ жылдардан бері әріптестік қарым-қатынас жасап келеді. Саади қоры факультет оқытушылары мен студенттерінің Иранда тіл жетілдіру курстары мен ғылыми жобаларға байланысты іссапарларын ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ ирантану бөлімін оқу-ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етіп, материалдық-техникалық жағынан да қолдау көрсетеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәстүрлі түрде жылдар бойы оқу озаттары мен үздік студенттерге университет профессорлары тарапынан, белгілі қоғам қайраткерлері, ұстаз-ғалымдар атынан шәкіртақы тағайындалып келеді.

www.kaznu.kz

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы