«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» атты кездесу

20.02.2019

Көрулер: 3363

  

Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің ұйымдастыруымен «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» атты тақырыпта Қазақстан Республикасындағы Тәжікстан Консулдығының Бас консулы Баходур Назирдің қатысуымен кездесу өтті.

Шара барысында Бас консул екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынастардың орнағанын айтып, бүгінгі Тәжікстанның саясаты мен ғылым мен білім саласындағы жаңалықтары жайында баяндап берді. Кездесуге қатысқан Қазақстандағы «Сомониён» тәжік мәдениеті және әлеуметтік қауымдастығының президенті Саидмурод Шарипов Қазақстан халықтары арасындағы тату-тәтті қарым-қатынастардың маңыздылығын айта отырып, екі елдің ынтымақтастығын нығайту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Өз кезегінде «Сомониён» тәжік мәдениеті және әлеуметтік қауымдастығының вице-президенті Иноятуллохон Валиев мырза, Қазақстан халықтары Ассамблеясының жұмысына ризашылық білдіріп, Республика көлемінде қызмет атқарып жатқан тоғыз тәжік мәдениеті орталығы туралы тілге тиек етті.

Кездесу барысында факультет деканы мен Бас консул екі елдің жоғары оқу орындарының студенттері арасында академиялық алмасу керектігін айтып, сондай-ақ алдағы уақытта консулдық пен факультетте өткізілетін мәдени шараларды бірлесіп өткізу мәселесі де талқыланды.

Кездесу соңында студенттер қонақтарға арнайы парсы тілінде өлеңдер оқыды.

www.kaznu.kz