Араб тілін оқыту бойынша семинар өтуде

16.02.2019

Көрулер: 3552

ҚазҰУ-да «Араб тілін оқытудың заманауи әдістері» атты  республикалық семинар өз жұмысын бастады. Шараны «Нұр-Мүбарак» университеті, ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті, Мысыр мәдени орталығы, Абылайхан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ бірлесе ұйымдастырды.

Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөренің семинарды ашып, шет тілін үйренудің соның ішінде араб тілін терең меңгерудің заман талабына сай оңтайлы әдістерін үйрету қазіргі жаһандану дәуірінде зор маңызға ие екендігіне тоқталған факультет басшысы семинарға қатысты өз ойы мен ұсыныстарын ортаға салды.

Қысқы мектеп аясында ұйымдастырылған семинардың өтуіне ықпал еткен «Нұр-Мүбарак» университетінің оқу-әдістемелік басқарма басшысы, философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Сандыбаев, мына заманда ислам дінінің құндылықтары мен дінге қатысты дұрыс ұстанымдарды қалыптастыру үшін араб тілін үйретудің заманауи әдіс-тәсілдерін жетілдіру керектігін айтты.

«Нұр-Мүбарак» университеті Араб зерттеулері факультетінің деканы Адам Махмуд Қазақстан ЖОО орындарында араб тілін оқытудың оңтайлы әдістерін үйрететін жүйелі жаңа бірегей бағдарлама құрастыру қолға алынып отырғанын жеткізді. Мысыр Мәдени орталығының директоры доктор Ранда Ризқ семинарды ұйымдастыруға атсалысып отырған ЖОО  басшыларына өз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ семинарда дәріс оқыған басқа да қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Семинар соңы орталық мемлекеттік архив тарапынан ұйымдастырылған «Ұлы тұлғалар – архив құжаттарында» атты көрмеге ұласты. Көрмеге қойылған ортағасырлық ғалым Наср әд-Дин Тусидің араб тілінде жазылған құнды сирек қолжазбалары мен белгісіз автордың көне қазақ даласының географиялық картасы бейнеленген қолжазбасы семинарға қатысушылардың араб тіліне деген қызығушылығын арттыра түсті.

Бір апта бойы жалғасатын білім шарасына еліміздегі жоғарғы оқу орындары мен медресе ұстаздары, шәкірттері қатысып өз білімдерін арттырмақ.

www.kaznu.kz