Ауғандар бас қосты

08.02.2019

Көрулер: 2076

ҚазҰУ-да білім алып жатқан ауған студенттері Ауғанстаннан келген белгілі журналистермен жүздесті. 

Қандастарының тыныш, бейбітшілік орнаған мемлекетте білім нәрімен сусындап жатқанын көрген журналистер ел үкіметіне ризашылығын білдіріп, Ауғанстандағы жағдайды ешбір мемлекет басына бермеуді тіледі.

«Бүгінде құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған Ауғанстан мемлекетіне көмек қолын созушылар қатары артып келеді. Солардың бірі Қазақстан ауған студенттеріне барынша қамқорлық жасап, ел жастарының білім алып, өсіп өркендеуіне тікелей ықпал етіп жатыр», – деді Ауғанстандағы Tolo News-тің журналисі Ашрафи Набилла.

Қазіргі таңда Ауғанстандағы тұрақсыздыққа әлемнің барша мемлекеті алаңдаулы. Ауған жастары осы дағдарысты шешуге қазақ жерінде алған білімімізбен өз септігімізді тигіземіз деген мақсатты ұстанған. Туған елінің жағдайына  аса алаңдаушылық танытатын студенттер өз елінің де бейбіт өмір сүруін қалайды.

Естеріңізде болса, 2009 жылы Ауғанстан мен Қазақстан арасында білім беру саласындағы ынтымақтастыққа қол қойылып, 1000 ауғанстандық студенттердің білім алуы үшін Қазақстан үкіметі арнайы қаржы бөлген болатын. Содан бері Қазақстандағы білім ордалары соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірталай ауған жастарын түлеп ұшырды.

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz