Түркі әлеміне арналған кітап

06.02.2019

Көрулер: 4355

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 1926 жылы Бакуде алғаш жарияланған «Бүкілодақтық түркітану съезі. Стенографиялық есеп» атты жаңартылып басылып шығарылған кітаптың тұсаукесері өтті. 2018 жылдың желтоқсан айында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов бастаған делегацияның Әзірбайжанға сапары барысында бірегей және раритетті кітапты қайта шығару туралы келісімге қол жеткізілді.

Басылым 1926 жылы Бакуде өткен тарихи түркітанушылар съезінің 130 қатысушысының сөйлеген сөздері стенограммаларының жинағын құрайды. Түркітанушылар съезінде бүкіл әлем түріктерінің жазбаларының бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу мәселесі талқыланды. Тақырып бүгінде де өзектілігін жоймаған.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов барлық жиынға қатысушылар мен қонақтарды қарсы алып: «Қазақстан Президенті «Түркі өркениеті: бастаудан қазіргі заманға дейін» жобасы аясында Астанада түркітанушылардың Дүниежүзілік Конгресін шақыруды ұсынды, және бұл заңды сабақтастық – Баку съезі бірінші болып кездейсоқ аталмады, оның қатысушылары бұл – үлкен ұжымдық жұмыстың басталуы деп шын ниетпен үміттенді», - деп атап өтті.

«Түркі жазуы: рунадан латын әліпбиіне дейін» атты дөңгелек үстел барысында бірегей және раритетті кітаптың тұсаукесері өтті. Жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Мәдениеттерді жақындастыру орталығы және А. Байтұрсынов атындағы тілтану институты бірлесе өткізді.

Дөңгелек үстелге халық жазушысы, ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбек, белгілі шетелдік және отандық ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, дипломаттар, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Іс-шара барысында ғалымдар мен дипломаттар Ұлы Даланың түркі мәдени мұрасын сақтау, алфавитті латинизациялау бойынша ұсыныстар жасап, Еуразияның мемлекетаралық байланыс жүйесіндегі түркілер, түркілер туралы тарихи деректер, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы түркітану зерттеулердің әдіснамасы және т. б. өзекті тақырыптарды талқылады. Олжас Сүлейменов көптеген жылдар бойы оқырмандарға белгісіз болған бірегей кітапты қайта шығарғаны үшін ҚазҰУ басшылығына алғысын білдірді. Халық жазушысы атап өткендей, түркітану мәселелері әлі де толық зерттелмеген және алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Түркі жазуы шумерлер кезінен бастап, Англия мен Германияда пайда болғанға дейін қолданылып келгендігін айғақтайтын тарихи деректер бар.

Бакудегі түркітанушылардың бірінші съезінен кейін қазақ делегациясының барлық қатысушылары қуғын-сүргінге ұшырап, олардың арасында Ахмет Байтұрсынов, Әзиз Бей-Сейдуәлі, Білял Сүлейменов, Нәзір Төреқұлов және басқа да көптеген басқа да ұлт арыстары болды. Жаппай саяси қуғын-сүргін түркі өркениетінің мұрагері болып табылатын түркі тілдес елдердің дамуы мен өзін-өзі анықтау кезеңін көп жылдарға кейінге ығыстырды. Соған қарамастан бүгінгі кезде түркітану мәселесі қайта жанданып, әлемдік қоғамның қызығушылығын тудырып отырғаны айтылды. Басқосу соңында ғалымдар мен қатысушылар түркітануды дамыту және танымал ету бойынша келешектегі жоспарларын белгіледі.

www.kaznu.kz