Фототрофты микроорганизмдер негізіндегі биоэнергетика

08.12.2018

Көрулер: 5177

Биология және биотехнология факультетінде М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Сулейман Ифхан оглы Аллахвердиев және Токио ғылыми университетінің жаратылыстану ғылымы факультетінің профессоры Tatsuya Tomo-ның қатысуымен «Фототрофты микроорганизмдер негізіндегі биоэнергетика» атты халықаралық ғылыми семинар өтті.

Семинарды ашқан биология және биотехнология факультетінің деканы, биология ғылымдарының докторы, профессор Б.Қ. Заядан «Microalgae biotechnology» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз баяндамасында қазіргі таңдағы әлем бойынша биоэнергетиканың даму перспективалары мен өзектілігін атап өтті.  Биология ғылымдарының докторы, профессор Б.Қ. Заядан осы ғылыми бағытпен айналысатын Қазақстандағы атақты ғалым болып табылады. Оның жетекшілігімен бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының биотехнология зертханасы жұмыс жасайды.

Шарада профессор С.И. Аллахвердиев, «Alternative energy based on photosynthesis» тақырыбында баяндама жасап, ол нанобиотехнология саласындағы жаңа ғылыми бағытқа, оның ішінде баламалы энергия көзі ретінде пайдаланылатын молекулалық сутегін алу мақсатында ақуыздық құрылымдарды пайдалана отырып жасанды фотосинтез жүйесіне және биоотын өндірісі үшін фотосинтездеуші дақылдарды пайдалануға арналған мәселелерге мән берді. Ал профессор Tatsuya Tomo «New Chlorophyll properties in photosynthetic reaction» тақырыбындағы баяндамасында биоэнергия алудағы фотосинтездеуші микроорганизмдер пигменттерінің негізгі қасиеттері мен маңызына, оның ішінде биосутекті алуда фотожүйе І және фотожүйе ІІ рөліне тоқталды. Ғылыми семинарда биотехнология кафедрасының оқытушылары және биотехнология зертханасының жас ғалымдары: PhD Усербаева А.А., PhD докторант Қосалбаев Б.Д., Huma Balouch, сонымен қатар 2-курс магистранты Ахметкалиева А.Е. фототрофты микроорганизмдерді биотехнологияда пайдалану бағытында ғылыми жұмыстарын ұсында.

Жүргізілген ғылыми семинар жаңа бағыттың, яғни іргелі және қолданбалы салаларда жұмыс жасайтын ғалымдардың максималды күш-жігерін жұмсауды талап ететін заманауи биоэнергетиканың сұрақтарын жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді. Семинар соңында барлық қатысушылармен ары қарайғы халықаралық серіктестіктің жоспары, және 2020 жылы биоэнергетиканың мәселелері мен дамуына арналған халықаралық конференцияны Қазақстанда өткізу мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.

 

www.kaznu.kz