Өзара келісім

07.12.2018

Көрулер: 2256

Лилль университеті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесе жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуді ұсынды. Мұндай қызығушылық Лилль университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Франсуа-Оливье Сейстің ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаевпен кездесуі барысында айтылды.

Бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев «ҚазҰУ Францияның көптеген жетекші университеттерімен ынтымақтастық орнатады. Нәтижесінде екі елдің студенттері қос дипломды білім беру бағдарламаларымен ғана шектелмей сонымен қатар тағылымдамадан өту, жазғы мектептер, зерттеу жұмыстарына қатысу және басқа да мүмкіндіктерге ие болып отыр», – деп атап өтті проректор.

Келіссөздер барысында халықаралық құқық, география және табиғатты пайдалану, гуманитарлық ғылымдар және ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастықтың негізгі нысандары белгіленді. Сонымен қатар бірлесе ғылыми зерттеулер жүргізу, қосымша кәсіби білім беру жүйесін дамыту, студенттер мен оқытушы-профессорлық құраммен алмасу бағыттары бойынша ынтымақтасу көзделген. Сондай-ақ Франсуа-Оливье Сейс Лилль университетінің үздік профессорларын ҚазҰУ-дың PhD докторанттарына жетекші ретінде шақыруды ұсынды.

Кездесу соңында тараптар екі жоғары оқу орындары арасында өзара қызығушылық тудырған ғылым мен білімнің белгілі бір бағыттары бойынша әріптестік орнату келісіміне келді.

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz