Танымал актер Сердар Гөкханмен кездесу

20.11.2018

Көрулер: 2854

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті ТҮРКСОЙ кафедрасы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешені бірлесіп Түркия Республикасының өнер қайраткері, танымал актер Сердар Гөкханмен кездесу өткізетіндігін хабарлайды.

Сердар Гөкхан 1941 жылы 15 мамырда дүниеге келген. Түркия Мемлекеттік бейнелеу өнері университетін бітірген соң бар ғұмырын кино саласына арнаған ол бүгінгі күнге дейін 80-ге жуық киноға түсіп, бірнеше басты рөлдерді сомдаған.

Сердар Гөкхан «Қадырғали Әли» («Kadirgali Ali», 1971), «Бейбарыс - Азияның салт аттысы» («Asyanin Tek Atlisi Baybars», 1971), «Ыстамбұл батыры Қара Мұрат» («Istanbul Kabadayisi Kara Murat», 1972), «Қара Доған» («Kara Dogan», 1972), «Құрт бей» («Kurt Bey», 1972) секілді фильмдерде түрлі рөлдерді сомдап түрік киноөндірісінің әлемдік деңгейге көтерілуіне өз үлесін қосты. Ол ойнаған тарихи фильмдер мен телехикаялар бүгінде әлемнің бірнеше тілдеріне аударылып, көптеген елдерде көрсетілуде. Оның сомдаған басты рөлдері – түрік киноөндірісінің басты брендіне айналды.

Соңғы жылдары көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да көрсетілген «Элиф» (Elif, 2008), «Фатмагүлдің жазығы не?» («Fatmagul'un Sucu Ne?», 2011), «Лала дәуірі» («Lale Devri», 2010) секілді фильмдерде басты рөлдерді сомдаған актер өз талантымен көптеген көрермендердің жүрегін жаулады.

Сердар Гөкханның соңғы сомдаған рөлдерінің бірі – «Ертұғрұлдың тірілуі» атты көп сериялы тарихи фильм. Дешті Қыпшақтан Кіші Азияға қарай көш түзеген селжүк тайпасының ұлы көшін суреттейтін фильм тарихи деректерімен құнды. Осы фильмдегі Ертұғрұлдың әкесі Сүлеймен шаһтың рөлін сомдаған Сердар Гөкхан мырза өзінің кескін-келбетімен, актерлік шеберлігімен көрерменнің көзаймына айналды.

Сердар Гөкхан – тек түркі халықтарының ғана емес, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі бірегей актер.

ҚазҰУ «Керемет» СҚО-ның кинотеатрында Сердар Гөкханмен өтетін кездесуде актер сомдаған бірнеше фильмдер жайында бейнематериал көрсетіліп, көрермендермен сұрақ-жауап алмасу болады.

Өткізілетін орны: Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 71.

«Керемет» СҚО кинотеатры.

Өткізілетін уақыты: 2018 ж. 21 қараша, сағат: 10:30

Байланыс телефоны: 87773006992