Гендерлік теңдік тақырыбындағы тренинг

13.11.2018

Көрулер: 3323

ҚазҰУ оқытушылары Қазақстанның 15 факультеті мен кафедраларының өкілдеріне гендерлік теңдік жөнінде тренинг өткізді.

ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы ұсынған «Қазақстандағы гендерлік журналистика бойынша оқу бағдарламаларын күшейту» жобасын ЮНЕСКО/БҰҰ Халықаралық коммуникацияны дамыту бағдарламасы қолдады.

Екі күн бойы семинар қатысушылары коммуникацияның гендерлік сезімтал көрсеткіштерін оқып, журналистік өндірістегі стратегиялық гендерлік талдауға машықтанды. БАҚ-тағы гендерлік теңдікті тиімді ұйымдастыру, стереотиптермен, теріс түсініктермен күресу, журналистік мәтіндердегі өшпенділік тілін айыра білу мәселелерін үйренді. Топтық бірлескен жұмыс пен іскери ойындар аясында семинар қатысушылары білім беру бағдарламаларына гендерлік тақырыптарды енгізудің жалпы алгоритмдерін әзірлеп, аталған пәнді Қазақстан журналистика факультеттерінде оқытудың әдіс тәсілдерін анықтады.

Шараны ашқан журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік индексіне сәйкес 2017 жылы Қазақстан 144 елдің ішінде 51-орынды иеленгендігін атады.

ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов медиамекемелерде, білім беру орындары мен БАҚ контентінде гендерлік теңдікті қолдаудың маңыздылығына тоқталып, ерлер мен әйелдердің экономиканы, бизнесті, мәдениетті дамытуға тең қатысуы елдің гүлденуіне, тұрақты дамуына ықпал ететін алғышарт екенін баса айтты.

«Қазақстандағы гендерлік журналистика бойынша оқу бағдарламаларын күшейту» жобасының жетекшісі Шыңғысова Назгүл семинар қатысушыларының назарын Қазақстанда гендерлік теңдікті қолдау және дамыту бойынша қуатты құқықтық негіз қалыптасқандығына аударды. «Еліміз адам құқықтарына қатысты 60-тан астам халықаралық шартқа қосылды. 2009 жылы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңдар қабылданды» деп атап көрсетті.

Бүгінде Қазақстанда әйелдер экономиканың барлық саласына араласып, жұмыс істейді, олар ЖІӨ-ның 40 пайызын өндіреді, 29 қазақстандық әйелдер – Мәжіліс депутаттары, шағын және орта бизнестің 44 пайыз субъектісін әйелдер басқарады. Алайда өзге де деректер бар: басшылық қызметте ер адамдар әйелдерге қарағанда екі есе көп, жалақы айырмасы да 30 пайызға артық. Әйел адамдардың арасында жұмыссыздық деңгейі басым әрі аз төлем жасалады. Әйелдер отандық редакциялардың менеджментіне аз ұсынылады, басылымдар мен арналардың концепциясына ықпалы төмен, бұл мәселеге ерлердің көзқарасымен қарауға мәжбүр етеді дейді мамандар.

Тренинг осындай қордаланған түйткілді мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Жарнама тіліндегі гендерлік көрсеткіштерді жан-жақты талдау, БАҚ-тағы әйелдер бейнесін көрсетудегі стереотиптік формалар, ашық талқылаулар, іскери ойындар, воркшоптар, интерактивтік тапсырмалар т.б. өзекті мәселелерді ортаға салған тренер-дәріскерлердің сабақтары қатысушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.

www.kaznu.kz