Әлемдік QS өкілдері ҚазҰУ-да

08.11.2018

Көрулер: 296

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов және QS World University Rankings рейтинг агенттігінің өкілдері 2019 жылдың қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтетін әлемдік форум мен жоғары оқу орындарының халықаралық көрмесіне дайындық мәселелерін талқылады. 

Қонақтарды қарсы алған ҚазҰУ ректоры ««Quacquarelli Symonds» (QS) әлемдік деңгейде танымал үздік жоғары оқу орындарының жаһандық рейтингін жүргізетін өте ықпалды халықаралық агенттіктердің бірі болып табылады. Сіздердің біздің университетке келіп, біздің жұмысымызға баға берулеріңіз біз үшін үлкен маңызға ие. ҚазҰУ халықаралық ынтымақтастық географиясын кеңейтіп, серіктес университеттермен байланысын нығайтып, ортақ білім беру бағдараламалары мен ғылыми зерттеулер жүргізеді. ҚазҰУ мақсатты түрде QS халықаралық рейтингісінде ілгерілеу бойынша жұмыс жасап, әлемдегі үздік 200 ЖОО қатарына кіруді алдына мақсат етіп отыр» – деп атап өтті ректор. Сондай-ақ ол қонақтарды инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік платформаға негізделген ҚазҰУ-да жүзеге асырылып жатқан университет 4.0 жаңа үлгісімен таныстырды.  

Өз кезегінде QS-тің бас менеджері Симон Йео университет ұжымының жылы қабылдауына алғыс білдіріп, QS халықаралық форумы мен әлемнің жетекші университеттерінің көрмесін өткізуге сенім білдірілген университетті құттықтады. «Бұл тек ҚазҰУ-дың ғана емес, бүкіл Қазақстанның биік жетістігі. Университет ғылыми білім беру әлеуетіне бай, әрі қажетті инфрақұрылым мен кең ауқымды тамаша кампусқа ие. Бірлесе күш жұмылдыруы арқылы шараның жоғары деңгейде өтетініне мен сенімдімін», – деді Симон Йео.    

Кездесу барысында тараптар бірлескен жұмыс жоспарын және алдағы форум мен көрмеге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді талқылады.  

 

Баспасөз қызметі

 www.kaznu.kz