Қазақстан-Еуразияның көші-қон хабы

17.10.2018

Көрулер: 3567

ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультеті Ресей Ғылым академиясының әлеуметтік-саяси зерттеулер институты, Халықаралық көші-қон ұйымы, Ресейдің Сыртқы істер министрлігі, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (ММХҚИ) және БҰҰ-ның қоғамдық ақпарат департаментімен бірлесе отырып «Еуразиядағы көші-қон көпірлері» жобасы аясында «Қазақстан-Еуразияның көші-қон хабы ретінде: көші-қонның тұрақты дамуға қосатын үлесі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.  

Шараның негізгі мақсаты – Еуразиялық кеңістіктегі көші-қон және ынтымақтастық туралы көпжақты диалогты нығайту мен тұрақты даму тұрғысында миграциялық үдерістерді реттеудің тұрақты жүйесін қалыптастырудағы Қазақстан мен оның серіктестерінің рөлін бағалау болып табылады.

Конференцияға Қазақстан Республикасында аккредиттелген қоғамдық және халықаралық ұйымдар мен кәсіпкерлік қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев «ҚазҰУ еліміздің алдыңғы қатарлы университеті ретінде әлемдік білім беру кеңістігінде интеграциялануды және Болон процесіне қосылғаннан кейінгі жоғары білім мен сапаның үздік әлемдік тәжірибесіне бейімделу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде университет 2030 жылға дейін БҰҰ-ның тұрақты даму аясындағы әлемдік күн тәртібінде бекітілген білім беру саласындағы басты міндеттерді жүзеге асыруды алдына мақсат етіп қойған. 2018 жылы ҚазҰУ әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында 220 орынға ие болып, беделді «QS WUR» халықаралық рейтингісінде 16 орынға алға шықты. Осылайша соңғы жылдары университетіміз Орталық Азия және Еуразия кеңістігіндегі білім беру орталығы ретінде танымалдылыққа ие болды», – деді бірінші проректор. Сондай-ақ ол Қазақстан-Еуразияның көші-қон хабы ретінде көші-қон процестері жаһанданудың және тұрақты дамудың ажырамас бөлігі деп ерекше атап өтті.

Жиынға қатысушылар ЕАЭО мүше елдердің еңбек нарығын реттеу ерекшеліктері және мигранттардың ақша аударымдары, Еуразиялық кеңістіктегі білім беру көші-қоны, ондағы Қазақстанның рөлі және жаһандану жағдайындағы адам капиталының даму мәселелері, Еуразиядағы заңсыз миграциямен күрес бойынша үрдістер және Қазақстанның Ресей, Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен көші-қон саласындағы өзара байланыстың келешегін кеңінен талқыға салды.

Халықаралық қатынастар факультеті