IFOM және USMLE дайындығы бойынша орталық құрылады

15.10.2018

Көрулер: 3073

ҚазҰУ-да бір апта бойы медицина саласы қызметкерлерін, студент, интерн, резидент және медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін IFOM және USMLE емтиханына дайындау бойынша семинар өтті.

Еліміз 2020 жылдан бастап денсаулық сақтау саласының мамандарын лицензиялауға көшеді. Болашақ дәрігердің біліктілігі 3-ші курстан бастап анықталып, отандық дәрігерлердің жеке басына лицензия берілетін болады. Оны алу үшін дәрігер, бірінші университет қабырғасынан алған білімін, іс жүзінде дәлелдеу қажет. Әр маманға медицина қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру орталығының сынынан сүрінбей өту міндеттеледі. Екі кезеңнен тұратын сынақта бірінші сұрақтарға жауап берсе, одан кейін тәжірибе жүзінде үйренгенін көрсетеді. Бұл «IFOM» деп аталатын халықаралық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Осындай емтиханды өткізу – бұл Қазақстанда медицина мамандарын лицензиялауға көшірудің алғашқы қадамы болып табылады.

2018 жылдан бастап Қазақстанда медициналық мектептердің 1,2,3 курс және 5 курс студенттері, интерндері, резиденттері үшін Ұлттық Тәуелсіз Емтихан Орталығында емтихан жүргізіледі. Болашақта Қазақстанда медициналық қызметпен айналысу құқығына арналған сертификаттау USMLE үлгісі бойынша лицензиялау институтымен ауыстырылады.

Осы ретте стратегиялық мәселелерді шешу шеңберінде медициналық білім сапасын жоғарылату және оқытушылардың білім беру шеберлігін арттыруда ҚазҰУ-да лицензиясы бар медициналық емтиханға (IFOM и USMLE) дайындайтын Халықаралық орталық құру мақсатында өткен семинарға 200-ге жуық ЖОО студенттері мен оқытушылары қатысты. Дәрісті жүргізген доктор Ханс Петер Вольф IFOM және USMLE дайындығына байланысты барлық ұйымдастырушылық сұрақтарға жауап берді.

Дәрігерлердің біліктілігін анықтайтын халықаралық жүйе әлемнің 70 елінде бар. Қазіргі уақытта статистика бойынша АҚШ-та жұмыс істейтін барлық дәрігерлердің 87% осы курстардан өткен.

ҚазҰУ базасында лицензияланған емтиханға дайындық орталығын құру медициналық білім берудің сапасын және шетелдік студенттердің санын арттыруға, әлемдік білім беру кеңістігінде ҚазҰУ-ды медициналық кадрларды даярлайтын Орталық Азиядағы алғашқы университет ретінде тануға да мүмкіндік береді.

 

Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі