Берекелі жәрмеңке

12.10.2018

Көрулер: 3388

ҚазҰУ-дың жастар алаңында Биология және биотехнология факультеті мен Алматы облысы Іле ауданы Жаңаталап ауылында орналасқан оқу Агробиозертханасының ұйымдастыруымен экологиялық, табиғи таза өнімдер жәрмеңкесі өтті.

ҚазҰУ-да жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шара биыл кең көлемде болды. Аталмыш жәрмеңкенің мақсаты университет қызметкерлері мен   студенттерін әлеуметтік қолдау мен салауатты өмір сүруге бағыттау.

«Бүгінгі табиғи таза өнімдер жәрмеңкесі студенттер үшін шыны керек жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өйткені жемістер мен көкөністердің құны нарықтағы бағалардан әлдеқайда төмен. Өзімізге керектілерін молынан сатып алдық. ҚазҰУ-да студенттер үшін өте көп мүмкіндіктер жасалған. Солардың бірі табиғи экологиялық таза өнімдерді өндіретін Агробиозертхананың бар екеніне өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрса студенттер үшін үлкен көмек болар еді»,- дейді журналистика факультетінің  2- курс студенті Құсайынова Ләззат

Жалпы оқу Агробиозертханасы университетіміздің Жаратылыстану ғылымдары факультеттерінің ғалымдары мен студенттерінің ғылыми-инновациялық, тәжірибелік, өндірістік практикасын жүзеге асыратын жеке базасы болып табылады. Магистранттар мен доктаранттар өнімдерге генетикалық талдау жасап, профессорлар мен ғалымдар құрамы да химиялық қоспасыз экологиялық өнімді өндіру жолында еңбектенеді.

«Бүгінгі экологиялық, табиғи таза өнімдер жәрмеңкесі кең ауқымда өтіп жатыр, соған орай көкөністер мен жемістерді де мол қылып алып келдік, өйткені экологилық таза өнімдерге сұраныстың көп екендігі анық, оның үстіне баға да нарықтағыдан әлдеқайда төмен. Бұл жәрмеңкенің басқа жәрмеңкеден ерекшелігі мұнда университетіміздің студенттері мен оқытушы профессорлар құрамының өз қолдарымен өсіріп, баптаған өнімдері сатылады. Агробиозертханада жыл сайын 10 мың тоннаға жуық өнім өндіріледі. Сонымен қатар 16 көкеніс пен жеміс түрлері өсірілуде. Қазіргі күні Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен біріге отырып көкөністерді өндіру жолында жұмыс жасаудамыз»,­-деді оқу Агробиозертхана меңгерушісі Құттымұрат Тағаев.

 

 

Баспасөз қызметі