Қарты бар үйдің қазынасы бар

05.10.2018

Көрулер: 2852

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қарттар күні мерекесіне орай еңбегі ерең, өмірі үлгі, алдыңғы аға буын ардақты қарттар қауымы мен жастардың кездесуі өтті.

Аталмыш салтанатты шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтті. Кездесудің қадірменді қонақтары ретінде қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхутдинов, Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Биржанов, қалалық ардагерлер кеңесінің орынбасары Алла Моисеева, Қалалық жастар арасында рухани даму мен тәрбие беру ұйымының төрайымы Вера Айгараева, Қалалық жастар арасында рухани даму мен тәрбие беру ұйымының төрайымының орынбасары Нургазима Муканова, Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің жастар арасында рухани даму мен тәрбие беру ұйымының төрағасы Марат Рахимов, Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің «Нұр Отан» партиясы басшылығының орынбасары Қайрат Кенжебулатов пен Профессор, еңбек фронтының ардагері Пернебек Момынұлы қатысты. Сонымен қатар кездесуде оқытушылар, факультет декандары және де студенттер болды.

Қазақ халқы «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп қарияларымызды ерекше құрметтеген. Олардың өнегелі өмірі, тағылымды, мәні терең әр-бір сөздері ұрпаққа әрқашан да аманат болып қалатыны ақиқат. Осы орайда талай жасты тәрбиелеп, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге бола білген қазыналарымызды аталмыш мерекесімен құттықтап, өнеге қылып жинаған ақыл-кеңестерін, жастарға айтып бағыт-бағдар беру мақсатында өткен кездесу өте әсерлі өтті.

Бұл кездесу бұрынғыдан өзгерек болып, жастар мен аға буынның арасында диалог ретінде өрбіді. Бір-бірлерімен пікір алмаса отырып, өздерін ойландырған көптеген сұрақтарына жауап та алды. Сонымен қатар студенттер қауымы қазыналы қарттарымызға күңбірлете күй төгіп, арнауларын арнады. Өз кезегінде абыз ақсақалдарымыз да жастармен ескірмеген есті әндерді қосыла шырқап, көтеріңкі көңіл-күйде жиналған көпшілік қауымға ақ баталарын берді.

Баспасөз қызметі