Париж профессорлары дәріс оқитын болады

03.10.2018

Көрулер: 596

Париж қаласындағы шығыс тілдері және өркениеттері ұлттық институтының профессорлары ҚазҰУ-ға келіп дәріс оқитын болады. Бұл туралы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев аталған институттың өкілдерімен кездесу барысында айтты.

«Париж қаласындағы шығыс тілдері және өркениеттері институты бүгінде 100-ге жуық әлем тілдерін оқытады. Шығыс тілдерін оқыту институтта өте жоғары деңгейде жүзеге асырылады. Тілдерді үйренуге қызығушылық танытқан студенттер зерттелген пәндер ретінде қытай, араб, жапон және басқа тілдерді таңдауға мүмкіндік алады. Осылайша тағылымдама аясында студенттер кем дегенде екі тілді - француз және шығыс тілдерінің бірін меңгеріп шығады», - деді институт төрайымы Манюэль Франк. Сондай-ақ ол қазақ-француз халықтары арасындағы байланыстар туралы айтып, ҚазҰУ-мен институт арасында әріптестік орнатуға дайын екендігін жеткізді.

Кездесуде тараптар білім беру ордалары арасындағы академиялық ұтқырлық, студенттік алмасу, оқытушы профессорлар құрамының дәріс оқуы, қос диплом, бірлескен жобалар әзірлеу бағыттарын талқыға салып, болашақта осы бағыттар бойынша ҚазҰУ-мен арадағы ынтымақтастық орнату қажеттігіне баса назар аударды.

Баспасөз қызметі