ҚазҰУ-да ИЫҰ орталығы ашылады

06.08.2018

Көрулер: 717

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан ИЫҰ (Ислам Ынтымақтастық Ұйымы) Орталығы ашылады. Бұл туралы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың Джидда қаласындағы (Сауд Арабиясы) ИЫҰ Бас хатшылығының бейбітшілік және қақтығыстарды реттеу жөніндегі бөлім басшысы Асқар Мусиновпен және ҚР СІМ өкілдерімен болған кездесуінде мәлім болды.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов университеттің ғылыми-инновациялық қызметі мен жетістіктері туралы айтып, шетелдік әріптестермен бірлесіп жасалған ислам қаржыландыру білім беру бағдарламасын ерекше атап өтті. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2020 жылға дейін БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының ғаламдық хабына жетекшілік ететін болды. БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасы адамзат өркениетінің дамуын қамтамасыз етудің он қағидасын жүзеге асыру мақсатында әлем университеттерін біріктіреді. Атап айтар болсақ адам құқықтары, сауттылықты арттыру, діни экстремизим мен терорризимге байланысты қақтығыстардың шешімін табумен айналысады. Біз серіктестік пен ынтымақтастыққа, білім саласындағы жаңа тың тәжірибелермен алмасуға әрқашан да дайынбыз. Осы орайда университет нақтыланған мақсаттармен белсенді түрде жұмыс жасауда»,-деді ректор.

ИЫҰ Бас хатшылығының бейбітшілік және қақтығыстарды реттеу жөніндегі бөлім басшысы Асқар Мусинов   ҚазҰУ мен Ислам Ынтымақтастық Ұйымы арасындағы серіктестіктің алдағы уақытта серпінді түрде дамуына үлкен мүмкіндіктер бар екенін ерекше атап өтті. «Біз үшін Қазақстанның көп салалы әрі жетекші оқу орнымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау үлкен мәртебе. Меніңше алдағы уақытта ҚазҰУ жанынан ашылғалы отырған ИЫҰ-ның орталығында ислам әлемі үшін өзектілігі ауқымды әлемдік тақырыптар талқыланып, көптеген мәселе шешімін табатын, діни экстремизим мен терроризимге қарсы бағытталған идеология бойынша белсенді түрде әрекет ететін орталық болады»-деді, А. Мусинов

Кездесу барысында қонақтарға ҚазҰУ аумағы мен «Керемет» СҚКО, мұражай және әл-Фараби кітапханасы көрсетілді.

Баспасөз қызметі