Италиялық елшімен кездесті

18.06.2018

Көрулер: 4392

Италия Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Төтенше және өкілетті елшісі Паскуалье Д’Авино ҚазҰУ басшылығымен кездесу барысында серіктестіктің жаңа бағыттарын талқылады.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Елшіге университет бағдарламалары мен жобалары туралы таныстырып, қызметі туралы айтты. «Бүгінгі таңда университет халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Италияның көптеген ЖОО-мен серіктестік жасасқан. Олардың арасында әлемдік рейтингте көшбасшы позицияда тұрған беделді оқу орындары бар. Атап айтар болсақ Ка’ Фоскари университеті, Ұлттық ядролық физика институты, Катания университеті, Ла-Сапиенца университеті, Пизания университеті, Халықаралық ICRAnet релятивистік астрофизика орталығы, Карло Бо атындағы Урбиния университеті және басқа да университеттермен ынтымақтастық қарым-қатынас орнаған».

Ректор атап өткендей белсенді халықаралық байланыстар мен бірқатар халықаралық ұйымдардың тарапынан болған қолдаулар оқу үдерісін шетелдік жетекші университеттердің стандартына сәйкес қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Халықаралық ынтымақтастық Республикамыздың жетекші жоғары оқу орны атанған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ажырамас бөлігі болып саналатын оқу орны үшін білім сапасымен оның халықаралық стандарттарға сәйкестігі басты құрал болып табылады. Бүгінгі таңда Италия университеттері мен ҚазҰУ арасында студентер мен оқытушылар алмасу белсенді түрде жүріп жатыр. Өткен оқу жылында Италияның 15 оқытушылары дәріс өткізіп, ҚазҰУ-дың магистранттары мен доктаранттарының Италия ғалымдары ғылыми жетекшілік етті.

Сонымен қатар 2015 жылы Флоренция қаласында бүкіләлемдік инженерлік білім форумында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов бастаған қазақстандық ЖОО-ларының Консорциумдары мамандарды дайындау бойынша ҮИИД-2 қатысқанын атап өту керек. Кездесу барысында делегация Италияндық ЖОО-лардың Конфедерациялық ректорларымен кездесіп, аталмыш кездесуде тараптар ақадемиялық ұтқырлық пен қосдипломдық білім беру саласындағы машина жасау, геодезия және геологиямен бірлескен ғылыми зерттеулер бағытындағы ынтымақтастық қарым-қатынас орнатты. Сондай-ақ кездесуде студенттер арасында Италия тілі мен мәдениетіне деген қызығушылықтың арта түскендігі де айтылды Осыған байланысты 2017 жылы Роман зерттеулер орталығы ашылған болатын. Орталық ашылғалы бері академиялық ұтқырлық бойынша «Erasmus Plus» бағдарламасы аясында 16 студент пен магистрант оқуға жіберілген болатын.

2018 жылдың басында ҚазҰУ ректоры Ка-Фоскари университетіне арнайы іс-сапармен барды. Іс-сапар барысында тараптар қазақстандық және италяндық авторлардың монографиялары мен кітаптарын аударуды іске асыру, академиялық алмасым бойынша бірлесіп мамандар әзірлеуде бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын құрастыру және оны дамыту бойынша келешектегі екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылаған болатын.    

Жақында ҚазҰУ-ға аталған университеттің президенті Мишель Буглиес бастаған Ка-Фоскари университетінің делегациясы келіп онда лингвистика, жаратылыстану ғылымдары және бизнес саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту ұсынылды.

Кездесу барысында 2020 жылға дейін ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша ғаламдық хабы болып табылатынын және Еуропалық бағдарламалар мен БҰҰ бағдарламасы шеңберінде университет әлемнің көптеген университеттерімен белсенді ынтымақтасуға мүдделі екені аталып өтілді.

Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Паскуале Д’Авино университет қызметі мен кампусына таңданыс білдіріп, Италияның стратегиялық басты серіктесі ретінде Қазақстанмен достастықтың маңыздылығына тоқталды. Елшінің айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда халықаралық ынтымақтастықты дамыту және тілдік мектептер мен көркем орталықтарды құру қажет. Кездесу барысында елші жоғары сапалы заманауи білім беруді қамтамасыз ететін ежелгі италяндық университет ретінде Ка-Фоскари мен шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби есімін иеленген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен арадағы ынтымақтастық орнату қажеттігіне баса назар аударды.

Шара соңында Паскуале Д’Авино ҚазҰУ басшылығының жылы қабылдауына алғыс білдіріп, биылғы жылдың қазан айында ҚазҰУ-ға қайта келуге ниетті екенін жеткізді.

Баспасөз қызметі