Толеранттық және бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңестің төрағасы Шығыстану факультетіне келді

29.05.2018

Көрулер: 3450

Толеранттық және бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңестің төрағасы Шығыстану факультетіне келді

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі толеранттық және бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңестің төрағасы Ахмед бин Мұхаммед әл-Жаруан мырзаның үстіміздегі жылдың мамыр айының соңында Алматыға жасаған ресми іссапары барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетімен танысудың орайы түсті. Құрметті қонақты факультетінің деканы Ықтияр Палтөре күтіп алып, факультеттің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Қазіргі кезде араб елдерімен қарым-қатынастардың айтарлықтай жоғары деңгейде емес екендігін жеткізді.

Ахмед бин Мұхаммед әл-Жаруан мырза Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушы-профессорларымен сондай-ақ арабтану бөлімінің студенттерімен кездесіп, өзі басқарып отырған толеранттық және бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңестің негізгі ұстанымдарымен, алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Сұхбат барысында Ахмед бен Мұхаммед әл-Жаруан мырза Қазақстан Республикасының толеранттық және бейбітшілік бағытындағы ұстанымдары әлем халықтарына үлгі екендігін айта келе бүгінде Қазақстаннан үйренеріміз көп дей келе Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан Республикасы арасындағы екіжақты достық қарым-қатынастардың алдағы уақытта да арта түсетіндігіне нық сенімді екендігін білдірді. Кездесу негізінен араб тілінде жүргендіктен, сұрақ-жауаптар да араб тілінде болды. Кейбір студенттердің өз білімдерін жетілдіру бағытындағы ұсыныс-пікірлерін Ахмед бин Мұхаммед әл-Жаруан мырза жылы қабылдап, арабтану бөлімінде оқып жатқан студенттердің араб тілін меңгеру деңгейін арттыра түсуге қолдау білдіретіндігін айтты.

Бұл кездесу оқытушы-профессорларға, кездесуге қатысқан барша студенттерге жаңа бір құлшыныс, жақсы бір көңіл-күй сыйлады.