Қазақ-поляк достастығы

26.04.2018

Көрулер: 3143

ҚазҰУ-да Польша Республикасының Тәуелсіздігіне 100 жыл толуына арналған конференция болып өтті.

Конференция жұмысына Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің жетекшісі Руслан Бөлтіріков, Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич, ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев, Алматы қаласындағы Польша Республикасының Бас консулдығының өкілдерімен қатар ҚазҰУ оқытушылары және студенттері қатысты.

Жиынды ашқан бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев: «Польша Республикасы Еуропадағы экономикасы тұрақты дамып келе жатқан елдердің арасында алдыңғы орынды иелене білген мемлекет. Бүгінде Қазақстан мен Польша арасындағы қарым-қатынастың дамуы, әсіресе, білім ғылым саласында жоғары сатыға көтерілген. Оған дәлел ҚазҰУ Польшаның 11 ЖОО-мен тығыз байланыс орнатып, студент алмасу, академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында көптеген жастар білім алуда, және олардың саны жылдан-жылға артып келеді. Университеттің химия және химиялық технология факультетінде Нобель сыйлығының иегері Мария Скодовская-Кюри атындағы лаборатория жұмыс істейді. Осылайша, екі ел арасында байланыс нығайып саяси, мәдени-гуманитарлық, экономикалық бағыттар да ілгерілеп, екіжақты өзара ынтымақтастық жаңа деңгейге жеткен»,- деді проректор.

Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич «Қазақстанда Польша елшілігі 1994 жылы ашылған. Содан бері Қазақстан Польшаның сенімді серіктесіне айналды. Қысқа ғана мерзімде әлемдік саяси кеңістікте беделді орынға ие болған қазақ елінің экономикалық әлеуметтік дамуына ерекше таң қалудамын деген елші Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімнің орындалу барысына жекелей тоқталып, тәуелсіздігіне 100 жыл толған Польшаның саяси, әлеуметтік-экономикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктерін атап өтті. Жиын аясында тараптар екі ел арасындағы саяси, өңіраралық, мәдени-гуманитарлық және басқа салалардағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін кеңінен талқыға салды.

Баспасөз қызметі