Францияда әл-Фараби орталығы ашылады

24.04.2018

Көрулер: 3331

Францияда әл-Фараби орталығы ашылады. Бұл ұсынысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығымен кездесу барысында Федералды Тулуза-Миди-Пиреней университетінің вице-президенті Лоран Гроклод айтты. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов әріптестікті қолдай отырып, болашақ орталық тығыз ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға арналған алаң болатынын атап өтті.

Қазіргі таңда ҚазҰУ-мен бірлесе әлемнің жетекші университеттерінде жеті әл-Фараби ғылыми орталығы бар. Кездесу барысында ректор қонақтарды университеттің ғылыми-білім және халықаралық ынтымақтастық саласымен таныстырып, бүгінде ҚазҰУ Францияның 18 университетімен олардың қатарында Роберт Шуман университеті, Лотарингияның Ұлттық Политехникалық университеті, Дидро университеті, Страсбург университеті, Орлеан және басқа да университеттермен ынтымақтасады. ҚазҰУ-дың оқытушылары мен студенттері жыл сайын осы университеттерде тағылымдамадан өтіп, ғылыми семинарлар мен конференцияларға қатысады және шетелдік әріптестермен бірлескен зерттеулер жүргізеді. Францияның жетекші профессорлары мен ғалымдары ҚазҰУ-да дәріс оқып, PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік етеді. ҚазҰУ базасында «Геоэнергетика» атты Қазақ-Француз ғылыми-білім беру орталығы құрылған. Аталған орталық студенттерді қосдипломдық бағдарламаға дайындау арқылы геология және энергетикалық ресурстарды өндіру саласындағы қазақстандық ғылыми элитаны қалыптастыруға бағытталған.

ҚазҰУ мен Францияның жоғары оқу орындары арасында бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде екі сатылы бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын атап өту керек. Федералды Тулуза-Миди-Пиреней университетінің вице-президенті Лоран Гроклодпен өткен кездесуде тараптар академиялық жүйе, ғылым және білім мәселелерін талқыланды.

Кездесу соңында заң, менеджмент, ғылым, технология және аэроғарыш салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. «Тулуза университеті үшін негізгі және танымал Қазақстандық университетпен жасалған алғашқы келісім және бұл екі университеттер арасындағы студенттік ұтқырлықты жеңілдетеді», - дейді Лоран Гроколд. Сондай-ақ ол Франция мен ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесіп студенттердің білім алуын қаржыландырып жатқанын және бұл келесі оқу жылының басында қосдипломдық білім беру бағдарламасының артықшылықтарын пайдаланып, жарты жылдық оқыту жүйесінде көптеген студенттерге білім алуға мүмкіндік берілетінін атап айтты.

Баспасөз қызметі