V халықаралық Фараби оқулары өз мәресіне жетті

13.04.2018

Көрулер: 387

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 3-13 сәуір аралығында өткізілген V халықаралық Фараби оқуларының жабылу рәсімі өтті. 

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың бастамасымен қатарынан бесінші жыл дәстүрлі түрде өткен Фараби оқулары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында өтті. Ерекше айта кетер жайт, Фараби оқулары өзінің ауқымдылығын жыл өткен сайын кеңейтіп шетелдіктердің де қызығушылығын туғызды. Атап айтар болсақ, биылғы форумның ашылу салтанатына әлемнің 30-дан астам елінен шетелдік ғалымдар келді, сонымен қатар еліміздің ЖОО-лары мен ғылыми ордалардың өкілдері де қатысты. Жиналыс барысында  халықаралық форум аясында 17 ірі халықаралық шара, ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер, семинарлар мен инновациялық жобалардың байқауы өткендігі туралы қорытынды баяндамалар жасалды.

Форум барысында студенттер мен жас ғалымдарға арналған «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференцияның қорытындысы туралы ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департаментінің директоры Серік Мұхамбетжанов баяндады. Осы жылғы өткен студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық конференциясына алты мыңнан аса студент пен жас ғалым 600 университеттен қатысса, олардың 301 қатысушысы Нидерланды, АҚШ, Корея, Қытай сияқты шетелдер мен ТМД елдерінен қатысты.

«Фараби әлемі» аясында факультеттерде 117 секция жұмыс жасап, 191-ге жуық дөңгелек үстелдер мен ғылыми семинарлар өтті. Ал жас ғалымдар байқауына   72 инновациялық жоба ұсынылып, жүзден жүйрік мыңнан тұлпар болып шыққан жеңімпаздар дипломдар мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Солардың бірі механика-математика студенттерінің құрастырған «Гуманоид-робот» инновациялық жобасы көпшіліктің көңілінен шықты. Адамға тән іс-қимылдардың барлығын жасай алатын «Гумоноид-робот» болашақта ҚазҰУ-дың «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында қызметкерлер мен студенттердің сұрақтарына жауап беріп қызмет көрсететін болады.

Фараби оқуларының аясында өткен тағы да бір ірі шара ол Оңтүстікте тұрақты даму үшін ғылым мен технология бойынша комиссиясының («COMSATS») XXI-ші отырысы. Айта кетерлігі, халықаралық үкіметаралық ұйым кеңесінің отырысы Қазақстанда және посткеңестік кеңістікте алғаш рет өткізілді.

Отырыс жұмысына 30-дан астам белгілі шетелдік сарапшылар, ғалымдар және «COMSATS» мүше елдердің ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

«ҚазҰУ – әлемдегі белгілі университеттердің бірі. Біз ғылымның даму болашағы мен жаңартылған энергия көздері, қоршаған ортаны қорғау және биотехнология салаларындағы бірлескен жұмыс мәселелерін талқылаудамыз. Бұл тұста университеттердің рөлі зор, біз жаһандық мәселелерді шешу мақсатында бас қостық», – деді «COMSATS» атқарушы директоры Сайед Мохаммед Джунаид Заиди.

ҚазҰУ «COMSATS»-тың Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жетістіктер орталығы болып табылады, бұл өз кезегінде университетке бірлескен білім беру және зерттеу жобаларына белсенді түрде қатысуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастықтың үш жылы ішінде ҚазҰУ-дың көптеген ғалымдары мен докторанттары ұйымға мүше елдердің жетекші жоғары оқу орындарында табысты білім алып, тағылымдамадан өтті.        

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов «Бүгін де техника мен технология қарыштап дамыған заманда әл-Фараби мұрасы ерекше құндылығымен адамзатқа әсер етуде. Өйткені техника адамдарға керемет мүмкіндіктерді ашқанымен зиянын да әкелуі мүмкін, сондықтан да сана мен руханияты тепе-теңдікте ұстай білу өте маңызды. Осы тұрғыдан келгенде әл-Фараби барша адамзатқа сананың ең биік қозғаушы күші ол руханият пен адамгершілік болуы керек екендігін айтып кеткен, олай болмаған күнде әлем жаһандық апатқа ұшырап, бар құндылығымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Демек әл-Фараби мұрасы ұрпақтарды білім мен адамгершілік ұғымын қатар алып жүруге шақырады»,- деп атап өтті.

2020 жылы 1150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуді мақсат етіп отырған ҚазҰУ ұлы  Шығыс ғалымның мұрасын зерттеу бойынша дәл осындай Фараби оқулары атты үлкен іс-шаралар атқарып отыр. Одан бөлек ғалымның кітаптары жарық көріп, мұражай ашылды, сондай-ақ «Al-Farabi university smart sity» жобасы жүзеге асырылуда. Әлемнің екінші ұстазы атанған дара да дана тұлға Абу Насыр әл-Фараби мұрасы жылдар жылжып, заман қанша өзгеріске ұшыраса да, өзінің өзектілігін ешқашан да жоғалтпақ емес.

 

Баспасөз қызметі