«Фараби әлемі»

12.04.2018

Көрулер: 4548

  ҚазҰУ-да Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясының салтанатты жабылуы өтті.

Аталмыш шара алдында студенттердің инновациялық жобаларының көрмесі болды. Көрмеде жиналған қауымның назарына ҚазҰУ студенттерінің әртүрлі сала бойынша жасаған заманауи инновациялық жетістіктері көрсетілді. Солардың ішінде механика-математика факультеті, механика кафедрасының оқытушысы Аманов Бекзаттың жетекшілігімен бір топ студенттер командасы ойлап құрастырып жатқан «Гуманоид-робот», яғни әмбебап робот көрмеге келушілердің қызығушылығын оятты: «Гуманоид-робот» қазіргі таңда жүруден басқа адамның барлық іс-қимылдарын жасай алады. Сонымен қатар аталмыш роботты алдағы уақытта өздігімен жүріп, сөйлесе алатындай дәрежеге жеткізуді мақсат етіп отырмыз. «Гуманоид-робот» болашақта ғылыми зерттеулерге де қатыса алады, атап айтар, болсақ химиялық немесе басқа да адам өміріне қауып төндіретін зерттеулерге қатысып тіпті ғылыми жаңалықтар ашуға да өз көмегін тигізеді. Сондай-ақ алдағы уақытта ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары біз жасап отырған әмбебап роботты «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында көре алады. Робот «Керемет» орталығының қызметкерлерімен бірге студенттерге қызмет көрсететін болады», -деді Аманов Бекзат. 

Дәстүрге айналған «Фараби әлемі» конференциясының жабылу салтанатына ҚазҰУ-дың Бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев, ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Тілекқабыл Рамазанов және Инженерлік технология кластерінің бас директоры Тілек Кетегенов пен факультет декандары, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Конференция барысында сөз алған ҚазҰУ-дың Бірінші проректоры: «Құрметті студенттер, әріптестер «Фараби әлемі» халықаралық конференциясының сәтті өтуімен құттықтаймын. Баршаларыңыз хабардар болғандай QS Агенттігінің 2018 жылы жүргізген дербес бағалау қорытындылары бойынша ҚазҰУ «QS Stars Development Road map» халықаралық рейтингісінің «Төрт жұлдыз» үстемдік белгісін Қазақстанда алғаш болып иеленген Орталық Азия аймағындағы тұңғыш университет болды. Осы «Төрт жұлдыз» белгісін берген агенттік елу көрсеткіш бойынша сауалнама жүргізеді, соның басым көпшілігі студенттермен жұмыс істеу деңгейі болып табылады. Яғни университет сутденттердің әлеуетін көтеру үшін осындай халықаралық дәрежедегі конференциялар мен байқауларға қатыстыруды әрдайым да мақсат етуі керек. Демек университет қандай да бір биік жетістікке жетсе, ол студенттермен болған жемісті жұмыстың нәтижесі деп білеміз. Өздеріңіз куә болғандай жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Фараби әлемі» немесе басқа да шаралар бұл ректорымыз Ғалым Мұтанов басқарып келе жатқан университетіміздің идеологиясы болып табылады. Ал алдағы уақытта ҚазҰУ «Бес жұлдызды» халықаралық университет деңгейіне жететініне мен сенемін», -деді Мұхамбетқали Бүркітбаев.

«Фараби әлемі» конференциясына 6000-нан астам студент қатысты, оның ішінде АҚШ, Германия, Түркия, Үндістан, Жапония және ТМД елдерінің 180-нен астам жас ғалымдардың баяндамалары тыңдалып, дөңгелек үстел мен  мастер-класстар болды. Факультеттерде конференция аясында 100-ден астам секция жұмыс істеп, көптеген іс-шаралар өтті. Конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсат - студенттердің ғылыми-зерттеу және оқу-ағарту қызметін дамыту, жас ғалымдардың ғылым саласындағы өзекті мәселелерін шешудегі ұсыныстарын тыңдау, әрі талантты жастарды қолдай отырып интеллектуалды орта қалыптастыру болып табылады.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздарға І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Ал бас жүлде Механика-математика факультетінің студенттері Бекарыс Қуан, Ернар Жолдасов, Бағдаулет Сеилов, Бекнұр Сламқұлға бұйырды, жеңімпаз студенттер диплом мен 150-мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Елбасымыз айтқандай «Біздің мақсатымыз- ғылымның дамуы үшін тың серпін, дұрыс бағыт-бағдар беру». Осы жолда ҚазҰУ жастары ғылымдағы соңғы жаңалықтарды меңгере отырып, қоғамның дамуына жаңа идеялар, білім мен ғылыми техникалық жетістіктерге қол жеткізу үшін жан-жақты ізденіп, ерінбей еңбектенуде. Ал осындай алғыр студенттерді университет тарапы әрқашан да қолдап, білім мен ғылымның шыңын бағындыруға барлық жолды ашып, көптеген мүкіндіктер жасап келеді.

 

 

Баспасөз қызметі