Аридті аймақтар

12.04.2018

Көрулер: 3077

ҚазҰУ-да «Аридті аймақтар: табиғат пен қоғамның тұрақтылығы» атты халықаралық ғылыми конференция болып өтті.

Бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев «Әлемдік экономиканың тоқтаусыз дамуы жаһандық экологиялық мәселелердің туындауына себеп болып отыр. Жердің шөлге айналуы, табиғи қордың сарқылуы, ормандардың құрып кетуі, ауыз су тапшылығы, мұхиттардың ластануы сынды көптеген көкейтесті мәселелер адамзат өркениетінің болашағымен тығыз байланысты. Бүгінгі жиын осы экологиялық мәселелерді шешуде арнайы ғылыми-зерттеумен айналысып жүрген ғалымдардың басын бір ортаға қосып отыр»,- деді проректор.

Оксфорд университетінің профессоры Трой Стэрнберг «Арид және жартылай құрғақ жерлерді зерттеу халықаралық орталығы 1966 жылы құрылған. ICASALS құрғақ және жартылай құрғақ ортаны және ондағы тұрғындарды зерттеумен айналысады. Біз ғылымды, технологияларды, гуманитарлық ғылымдарды біріктіріп әлемдегі судың шектеулі аудандарында қолданбалы зерттеулер, білім беру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына айрықша назар аударамыз», - деді Трой Стэрнберг.

«Адамның табиғат байлықтарын есепсіз пайдалануы табиғи орта заңдылықтарын ескермеуі салдарынан экологиялық зардаптарға әкеліп соғады. Соның салдарынан бүгінде табиғи құбылыстар орын алып қоршаған ортаға тікелей әсер етіп жатыр», - деді Эксетер университетінің зерттеушісі Виктор Кулумпис.

Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының профессоры Калкаш Абубакирова климаттың өзгеруі, энергетика, су ресурстары мәселелеріне байланысты өршіп жатқан жаһандық қауіп-қатерлер жаңа шешімдерді талап етеді, және онымен күресуді мемлекеттік деңгейде қарастыру қажет деп атап өтті.

Екі күнге созылған конференция барысында қатысушалар климаттың өзгерісіне әсер ететін факторлар, жер тозуы бейтараптық, жер ресурстарын тұрақты басқару, шөлейттену мен құрғақшылықпен күресу жолдары, биоалуантүрлілікті сақтау әдістері және табиғатты қорғаудағы экологиялық заңнамаларды кеңінен талқыға салды.

Баспасөз қызметі