«Шығыстану» бойынша олимпиада өтті

11.04.2018

Көрулер: 3302

Шығыстану факультетінде «Шығыстану» мамандығы бойынша Х Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті.

Биылғы жылы Қиыр Шығыс кафедрасының жапонтану бөлімі секциясына ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дан он беске жуық студент қатысты.

Олимпиада екі тур бойынша ұйымдастырылды. Бірінші турда студенттер жапон тілінде эссе жазып тіл, тарих, өлкетану бойынша тест тапсырмаларын орындады. 14 адамнан 9 адам бірінші турдан сәтті өтіп, олимпиаданың екінші турында қазылар алқасының назарына жапон тілінде Жапон елінің өзекті мәселелері бойынша студенттердің арнайы баяндамалары ұсынылды.

Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасы жапон тілі бөлімінің студенттері екі айналымның нәтижесінде үш жүлделі орынға қол жеткізді. Екінші орынды екінші курс студенті Қуатова Ханымай иелік етсе, үшінші орынды Нәби Камила және Юсупова Розагуль жеңіп алды.

Шығыстану факультетінің білім беру базасы негізінде өткізілетін «Шығыстану» мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиада өте жоғарғы маңызға ие. Студенттердің бұл сынға қатысуы таңдалған пәнге, таңдаған мамандықтарға және ғылыми-зерттеу жұмысына қызығушылығын арттырып, жетістіктерге жету ұмтылысын күшейтіп қана қоймай Қазақстандағы шығыстанудың дамуына өз ықпалын тигізеді.

Олимпиада аясында барлық жеңімпаздар естелік сыйлықтар және арнайы дипломдармен марапатталды.

Шығыстану факультеті