Бір жетістіктің тарихы

20.03.2018

Көрулер: 3394

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті, корейтану бөлімі «5В020900-Шығыстану» мамандағының 4-курс студенті Айдана Самұратова «Шинхан Желі» командасының толыққанды мүшесі атанды. Оның «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ-да менеджер көмекшісі болып жұмыс атқарып жатқанына 8 ай болды. Бұл үздік деп танылған студентке берілген арнайы  үлкен мүмкіндік.

«Бастапқыда өзімнен жасы әлдеқайда үлкен ұжыммен тіл табысу, ортақ жұмыс жасау қиынға соқты. Алайда уақыт өте үйреніп кеттім, банк жүйесімен, корейлік ұйымдардың мәдениетімен тынысып, басқаша айтқанда «Шинхан желі»-мен  таныстым. Осы ұжымға енгеніме қуаныштымын, өзімді Шинхан банк отбасы мүшесі ретінде сезінемін. Жоғарғы оқу орнында алған білімім маған үлкен көмек болды, сонымен қатар алдағы уақытта әлі де көп жұмыс жасау керек», - дейді Айдана.
Қиыр Шығыс кафедрасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да аса танымал кафедралардың бірі, бұл бөлімде студенттердің контингентінің жоғарылауы жыл сайын байқалуда. Міндеттелген шетел тағылымдамасымен ерекшеленген Қиыр шығыс кафедрасында Корейтану және Жапонтану бөлімдері бойынша мамандықтарға қызығушылық артып келеді. Осыған байланысты қазақстандық және шетел еңбек нарығында аталған мамандықтар бойынша сұраныс үлкен. Соның нәтижесінде жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары.
«Шинхан Банк Қазақстан» АҚ көптеген жылдар бойы кафедраның тұрақты серіктестерінің бірі болып табылады. Бұл ұйым жыл сайын кафедраның әлеуметтік қорғалмаған топтар контингентінің арасынан ең көрнекті алты оқушыны стипендиялармен қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, АҚ «Шинхан банк» Басқарма басшысы Ли Кио Джеон, сондай-ақ менеджмент бөлімінің басшысы Н.М. Джаксыгельдинов тарапынан мамандықтардың оқу жоспарларына өзгерістер енгізу жұмысы жүргізілді. Атап айтқанда, «5В050700 - Аударма ісі» мамандығы бойынша оқу процесіне «Бизнес саласындағы аудармашы» траекториясы енгізілді. Сонымен қатар траекторияға «Ақша, несие, банктер», «Қаржы менеджменті», «Бизнестің құқықтық негіздері», «Корпоративтік құқық», «Корпоративтік қаржы» және басқа жаңа пәндер енгізілген.
Оқу үрдісінде банк қызметкерлері Мемлекеттік емтихан комиссиясының мүшелері ретінде қатысып ғана қоймай, дипломдық жұмыс қорғау процессіне белсенді қатысады. Дипломдық жобаларға тапсырыс беру идеясы әзірше әзірленуде. Бұдан басқа, әріптес-практиктер «Іскерлік корей тілі», «Іскерлік қарым –қатынас саласындағы аударма» және т.б. сияқты пәндер бойынша нұсқаушылар ретінде оқу үрдісіне қатысады. Жыл сайын АҚ «Шинхан Банк Қазақстан» өндірістік тәжірибеден өту үшін бітіруші студенттерді қабылдап, келешекте жұмыспен қамтамасыз етеді. Мұндай жұмыс екінші жыл жүргізілуде. Айдананың жетістігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне үлгі болар деп үміттенеміз!