ҚазҰУ-да наурыз тойы басталды

20.03.2018

Көрулер: 3694

Ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің жаршысына айналған   Ұлыстың ұлы күні­ – Наурыз мейрамын тойлауды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алғашқылардың бірі болып бастады. Бүгін жыл сайын ҚазҰУ қалашығының ұйымдастыруымен өтетін «Әз-Наурыз» мерекесі ерекше сән-салтанатымен Наурыз тойының шымылдығын ашты.

Самарқанның көк тасы еріп, барша тіршілік атаулы ұйқысынан оянатын жаңару мен жаңғыру кезеңі атанған Наурыз мейрамы – университет қалашығы студенттері асыға күтетін ерекше мереке. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында өткен мерекеге ҚазҰУ басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Мерекелік шара ақсақалдың ақ батасымен ашылып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Алқалы жиында сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Біздің халық үшін ең қастерлі ұғым ол – тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің ғұмырын баянды болуы білімді әрі жігерлі жастардың қолында. Еліміздің Мәңгілік елге айналуы – Елбасымыздың басты мақсаттарының бірі. Ал мәңгілік елдің ұлттық құндылықтары да мәңгі болатыны ақиқат. Сондай ұлттық құндылықтарымыздың бірі – бүгін тойланып жатқан Наурыз мейрамы. Ұлыстың ұлы күні еліміз бен жеріміз үшін ырыс пен берекенің, бақыт пен тұрақтылықтың, жаңару мен жаңғырудың бастауы болғай», – деп, ақжарма тілегін білдірді.

Мерекеге жиналған қауым киіз үй төріне жайғасып, берекелі дастарханнан дәм татты. Ұлттық ойындар ойнатылып, қазақ эстрадасының жас жұлдыздары әуелете ән шырқады. Той үстінде ұлттық салт-дәстүріміздің бірі ретінде «Тұсаукесер» рәсімі де көрініс тапты. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов жас сәбиге ақ тілегін айтып, тұсауын кесті. Сонымен қатар студенттер арасында қол күресі, гір тасын көтеру, қазақша күрес сияқты ұлттық ойындар ойнатылды. Аталмыш мерекені ұйымдастырушы Студенттер қалашығының директоры Әбдіқаһар Сейітжанов: «Наурыз мейрамын студенттерге арнап биыл сегізінші рет өткізіп отырмыз. Мақсатымыз –оқытушылар мен студенттерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, ұлық мерекені ұлықтау әрі шетелдік студенттерге төл мерекемізді таныстыру. Наурыз мерекесі баршамызға тек жақсылық әкелсін, ең бастысы, еліміз бен жерімізде тыныштық, ауызбіршілік, береке болсын! Бірлігі жарасқан елдің еңсесі де биік болады», – дейді.

Сондай-ақ мерекеде шетелдік студенттер де өздерінің ұлттық киімдерін киіп, жайылған ақ дастарханнан, соның ішінде наурыз көжеден алғаш рет дәм татып жатты. Жапония елінен келген бүгінгі таңда ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті, шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында білім алып жатқан Такуро Оучи былай дейді: «Мен Наурыз мерекесінің парсы халықтарына кең тарағанын білетінмін. Ал мейрамның қалай тойланатынына алғаш рет куә болып тұрмын. Маған Наурыз мейрамы өте қатты ұнады, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлердің біразымен танысып шықтым. Бүгін ұлттық тағам Наурыз көжеден алғаш рет дәм таттым. Дәмі ерекше екен». Ал Корей елінен келген аталмыш факультет білімгері Шин Мин Хи ұлттық тағамдардың ерекше дәмді екенін айтты: «Мен ҚазҰУ-да білім алып жатқан уақыт аралығында қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып үлгердім. Солардың ішінде маған ұлттық тағамдар бауырсақ пен құрт, асылған ет өте қатты ұнайды. Бүгін Наурыз көжеден алғаш рет дәм таттым, дәмі өте ерекше екен және байқағаным – Наурыз көженің құрамына кіретін кейбір өнімдерді Корей халқы да күнделікті өз тағамдарына жиі қолданады».

Бұл шақта табиғат қана емес, адамдар да өз тіршілігін жаңартып, өзгертуге, рухани толысуға, жақсылыққа ұмтылады, қыстан аман-есен шыққанына тәубе айтып, үлкен үмітпен болашаққа көз тастайды. Жақсылық пен ізгіліктің бастауы болған Наурыз мейрамы барша қазақстандықтардың өміріне жаңа тыныс әкеліп, шуақты нұрына бөлегей.

 

 

Баспасөз қызметі