Байқаудың жеңімпазы

12.03.2018

Көрулер: 3412

Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері Қазақстан бойынша 20-шы рет өткізіліп отырған жапон тілінен шешендік өнер сайысында байқауға түсті. Бұл сайыс жыл сайын өткізіліп, жапонтану мамандығы бойынша жоғары оқу орындарының студенттері арасында елдегі ең үздіктерін іріктейді.

Осы жылы біздің студенттерден басқа сайысқа Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері, Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығының курс тыңдаушылары, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынас және Әлем тілдері университетінің студенттері мен Алматыдағы Ичикава жапон үйінің студенттері қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ің 2-ші және 3-ші курсының бес студенті бәсекеге түсті. Он алты қатысушының арасында қатал бәсекелестікте «Шетел филологиясы: жапон тілі» мамандығы бойынша Қиыр Шығыс кафедрасының 3 курс студенті Меруерт Умешова «Жүрек үні» тақырыбымен жүлделі орынға қол жеткізді.

Сонымен қатар, Құрмансеит Батырхан атындағы арнайы жүлдені «Махаббат және ақша» тақырыбында сөз сөйлеп, конкурстық комиссияның көңілінен шыға білген 3 курс студенті Канапия Айтолқын иеленді. Жеңімпаздарға жеңістеріңіз құтты болсын дейміз!

Шығыстану факультеті