Цифрлық Қазақстандағы геодезияның рөлі

07.03.2018

Көрулер: 4293

ҚазҰУ-да ««Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы геодезияның рөлі» атты I халықаралық ғылыми-практикалық семинар болып өтті.

Семинарға «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» акционерлік қоғамы, Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің ГАЖ-технологиясы орталығы және шетелдік навигациялық жүйелерді әзірлеуші әрі мен өндіруші Shanghai HuaCe Navigation компаниясының және басқа да мемлекеттік кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің ұйымдастыруымен өткен шара барысында саланы жаңғырту бағдарламасын табысты жүзеге асыру мен ондағы заманауи талаптарға сай келетін стандарттар мен әдістерді дамытудағы ел экономикасының нақты секторында жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның ғылыми-тәжірибелік геодезиялық қоғамдастығын біріктіру жайы талқыға салынды.

Қазіргі таңда цифрландыру мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Осыған орай, мемлекеттік бағдарламаны іске асыруда геодезиялық жұмыстар жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының академиялық консорциумның ғылыми әлеуеті негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Және нақты тақырыптар бойынша әлеуетін нығайтуға байланысты ортақ басымдықтарды шешуге бейімделу қажет дейді шараға жиналған сала мамандары.

Сондай-ақ семинарға қатысушылар аталған бағдарламаны іске асыруда барлық оқу орындары мен ғылыми орталықтардың күшін біріктіре отырып, бірыңғай геодезиялық қоғамдастықты ҚазҰУ-дың «Геоинженерия және табиғатты пайдалану жобалау» атты ғылыми зерттеу институтының негізінде шоғырландырып, институттың оқытушы-профессорлар мен ғылыми қызметкерлерінің арнайы біліктілікті арттыру курстарын, геодезия, картография, жерге орналастыру, кадастр, геоинформатика және басқа да мамандықтарға арналған пәнаралық бағдарламаларды құрастыруды ұсынды.

География және табиғатты пайдалану факультеті