БҰҰ-ның өкілдерімен өткен кездесу

07.03.2018

Көрулер: 2764

Халықаралық қатынастар факультетінің БҰҰ-ның аймақтық ресурстық орталығының мүшелері Қазақстанның БҰҰ-ға қосылуына 26 жыл, ұйыммен ынтымақтастығының 25 жыл толуына орай БҰҰ-ның қоғамдық ақпарат департаменті ұйымдастырған жиында болып қайтты.

Аталмыш шараға БҰҰ-ның қоғамдық ақпарат департаментінің басшысы Властимил Самек, Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының директоры Кристина Пиккат, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова, Алматыдағы ҚР сыртқы істер министрлігі өкілдігінің басшысы Руслан Бөлтіріков және басқа да мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Властимил Самек іс-шараның маңыздылығын, Қазақстанның БҰҰ-мен жаһандық және аймақтық үдерістердің аясындағы ынтымақтастығы мен ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетіндегі БҰҰ-ның аймақтық ресурстық қолдау орталығының рөлін ерекше атап өтті. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова «БҰҰ әйелдері» атты тақырыпта дәріс өткізіп, қазіргі заманғы халықаралық қатынастардағы әйелдердің рөлін талқыға салды.

Шара соңында БҰҰ орталығының белсенді мүшелері аталмыш ұйымның қызметіне жоғары баға беріп, ұйым жайлы қызықты бейнероликтер көрсетілді.

 Халықаралық қатынастар факультеті