Ректор Кемаль Каптанермен кездесті

02.03.2018

Көрулер: 693

ҚазҰУ ректоры Ыстамбұлдың мәдениет жөніндегі агенттігінің бас директоры Кемаль Каптанермен кездесті.

Кездесу барысында сөз алған ҚазҰУ ректоры «Бүгінде ҚазҰУ Түркияның Ыстамбұл, Айдын, Анадолу, Осман Гази, Фатих Сұлтан Мехмет және Бируни сынды жетекші университеттерімен екі жақты ынтымақтастық келісіміне қол қойған. Жыл сайын университетке Түркияның озық оқытушы-профессорлары келіп дәріс оқиды. Алдыңғы жылдары Ыстамбұл университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «әл-Фараби» Еуразиялық зерттеу орталығы ашылған. Университетіміздің шығыстану факультетінде «Түріксой» кафедрасы жұмыс жасайды. Енді алдағы уақытта түрік бауырларымызбен бірлесіп Ыстамбұл қаласында «әл-Фараби» мұражайын ашу жоспарымызда бар»,- деді Ғалым Мұтанов.

Өз кезегінде Ыстамбұл қаласының мәдениет жөніндегі агенттігінің бас директоры «Біз биылғы жылы 10 мұражай ашуды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде әл-Фараби» мұражайын ашу екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынастың дамып, түркі халықтарын жақындастыруға өз септігін тигізеді. Және әлемнің түкпір-түкпірінен мұражайға келушілер санын көбейтеді», - деді Кемаль Каптанер. Сондай-ақ ол ҚазҰУ-ды әлемдік деңгейдегі әдемі инфрақұрылымға ие университет ретінде атап, әрқашан әріптестік танытуға дайын екендігін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар басқа да бағыттарда екі жақты ынтымақтастық байланыс орнату жайын талқыға салды.

Баспасөз қызметі