Ө. Жолдасбеков атындағы зерттеу жобалар байқауы басталды

01.03.2018

Көрулер: 4953

ҚазҰУ-да Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механикадан зерттеу жұмыстары VIII халықаралық байқауы өтуде.

Дәстүрге айналған байқау атақты ғалым, көрнекті қоғам қайраткері Ө. Жолдасбековтің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Байқауға Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан және Қазақстанның түрлі облыстарынан келген мектеп оқушылары қатысуда.

Алғы сөз алған ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев «Өмірбек Жолдасбеков Қазақстан ғылымының дамуына өлшеусіз үлес үлес қосып, қыруар еңбек сіңірген тұлға. Ол осы оқу орданың іргетасын қалап, оны әлемдік деңгейге көтерді. Студенттерді даярлайтын жаңа мамандықтар, жаңа ғылыми-зерттеу орталықтар, зертханалар және ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының құрылуы Ө.Жолдасбековтың бастамасымен жүзеге асырылды. Оның бүкіл өмір жолы өнегеге толы. Сондықтан да бүгінгі байқауға келіп отырған жас буын тұлғамызды әрқашан ардақтап, еңбектерін бағалап жүргендігінің бір ғана көрінісі»,- деді проректор.

Кезекте сөз алған РҒПО «Дарын» директоры Шолпан Қирабаева «XXI ғасыр білім берудегі құндылықтар мен бағыттарды айқындайтын ғасыр. Басты мүдде жас ұрпақтың терең білім алып ой-өрісін өсіріп, шығармашылықпен жұмыс істей алуына жағдай туғызу, әрбір оқушының өз мүддесі мен қызығушылығын, жеке тұлғалық қабілетін дамытуға ынталандыру болып табылады. Осы тұрғыда байқау жастарға даңғыл жол ашады»,- деді директор.

Конкурстың негізгі мақсаты–мектептегі математикалық білімді дамытуға барынша ықпал тигізу, оқушылардың зерттеу қызметтерін ұйымдастыру және инфрақұрылым жүйесін жетілдіруге негізделген. Дәстүрге айналған халықаралық байқауда жас таланттар 3 күн бойы өздерінің әртүрлі ғылыми жобаларымен зияткерлік сайысқа түседі.

Баспасөз қызметі