Қазақ-Түрік ынтымақтастығы өз нәтижесін беруде

23.03.2018

Көрулер: 3416

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің шығыстану, философия және политология мен журналистика факультеттері және дінтану кафедрасында оқитын 16 магистрант Әл-Фараби Еуразиялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған 10 күндік ғылыми-зерттеу тағылымдамаға қатысты.

Бұл тағылымдаманың мақсаты теориялық, тәжірибелік дәрістер оқытумен, қазақ және түрік халықтарының арасындағы мәдени өзара түсіністікті арттыру. Сонымен қатар түрік халқының мәдениеті, әдет-ғұрыптарымен таныстыру ниетінде Стамбул қаласының көрнекті жерлерін аралау іс-шаралары жүзеге асырылды.

Бұл ғылыми-зерттеу орталығы әлемдегі екі жетекші университеттердің, атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Стамбул Университетінің арасында жасалған ынтымақтастық шартының негізінде 2016 жылы бой көтерді. Ашылғанына аз уақыт өткеніне қарамастан ғылыми-зерттеу орталығында осы уақытқа дейін ҚазҰУ-дың 34 студенті ғылыми тағылымдамадан өтті. Өз тарапында ҚазҰУ Стамбул Университетіннің студенттеріне арнап қазақ және орыс тілдерін үйрететін курстар ашты. Екі тараптың студенттері, магистранттары мен докторанттары қысқа және ұзақ мерзімді семинарларға, білім көтеру-мәдени бағдарламаларға, тіл үйрету курстарына қатысу арқылы өздерінің кәсіби шеберлігін арттыруға үлкен мүмкіндік алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Стамбул Университетінің білім саласындағы ынтымақтастығының жемісті жалғасуының нәтижесінде, екі университеттің профессорлық- ұстаздық құрамы, бакалавр магистранттары мен жас ғалымдар академиялық алмасу бағдарламасының аясында зерттеу жобаларына, білім және біліктілікті арттыру курстарына қатыса алады. Бұл іс-шаралар жақын болашақта ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасының, әрі білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, адам капиталын, сондай-ақ қазақ және түрік халықтарының арасындағы мәдени өзара түсіністікті әрі қарай дамытуға септігін тигізеді.

Жоғарыда көрсетілген жұмыстардың барлығы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен  Стамбул Университеті және Әл-Фараби Еуразиялық ғылыми-зерттеу орталығының тығыз достық қарым қатынасы мен тараптардың ынтымақтастық туралы шартының шеңберінде адам капиталын және ұлтаралық түсіністікті дамыту жолындағы қажымас еңбегінің көрсеткіші.  

                                                                                                                                                                      Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы