Мұрат Әуезовке арналған «Өнегелі өмір» кітабының тұсаукесері

21.02.2018

Көрулер: 4148

22 ақпан күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да белгілі қоғам қайраткері, жазушы, публицист, филология ғылымдарының докторы, ҚР журналистика академиясының академигі Мұрат Әуезовке арналған «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шыққан кітаптың тұсаукесер рәсімі өтеді.

Аталмыш кітапта өмірбаяндық мәліметтер, таңдаулы туындылар, замандастары мен әріптестері және туыстарының естеліктері, сонымен қатар мұрағаттық деректер мен әртүрлі жылдардағы суреттер көрініс тапқан.

Мұрат Әуезов 1 қаңтарда 1943 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауылында ұлттық әдебиеттің классигі атанған Мұхтар Әуезовтің отбасында дүниеге келген. 1959 жылы Мұрат Әуезов М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің шығыс тілдері институтына қытай тілін меңгеруге оқуға түседі.

60-жылдары қазақстандық жерлестерімен бірге Мәскеуде ұлттық сана мен ата-бабамыздың тарихын насихаттап, «Алаш-Орда» идеясын зерделеп дүйім жұртқа тарату мақсатында «Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысын ұйымдастырды. Сонымен қатар жазушының басшылығымен 70-ші жылдары «Көшпелілер эстетикасы» атты монография жарық көреді. Кейінгі жылдары Мұрат Әуезов Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші, республикалық тарих және мәдени ескерткіштерді қорғау ұйымының бөлім меңгерушісі  және де «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік жетекшісі ретінде қызмет атқарады.

1989 жылы құрылған «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының бастауында тұрған азаматтардың бірі әрі бірегейі осы Мұрат Әуезов болатын. Соңғы онжылдықта Мұрат Мұхтарұлы Қазақстанның саясаты мен мәдениетіне және ғылымына өз үлесін қосып келе жатқан бірден-бір тұлға.

М. Әуезов теория және тәжірибедегі көркем процесс бойынша 200-ден астам жарияланымдардың авторы. Оған қоса «Времен связующая нить» (Алматы 1972), «Иппокрена. Хождения к колодцом времен» (Алматы 1972), және де «Уйти, чтобы вернуться» (Алматы 2002) атты туындылардың авторы.

Айта кету керек, көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы университеттік «Өнегелі өмір» кітабы, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың бастамасымен тұрақты түрде баcпадан шығарылып тұратын кітаптар сериясы болып табылады.

Аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсіміне белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, жазушының туыстары мен жақындары, оқытушылар мен студенттер және де БАҚ өкілдері қатысады.

Өтетін жері мен уақыты: Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы 71, Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ, (конференц-зал ректорат,15 қабат), 22 ақпанда сағат 11.00-де

Байланыс нөмірі: 8(727) 377 3148