Ауған ардагерлеріне тағзым

15.02.2018

Көрулер: 4897

ҚазҰУ-дың әскери кафедрасында студенттер Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті.

Бүгініңді бүлдіріп қана қоймай, болашағыңа да балта шабатын 10 жылға созылған Ауған соғысынан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына биыл 29 жыл толды.

Бұл күн – сол кездегі елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні! Бұл күн – жанары жасқа толы жесірлер мен жетімдердің, қара жамылған аяулы аналарымыздың жалғыз ұлын жоқтаған күні! Бұл күн – бақи болған қаһарман бауырларымызды қатардан іздеген күн! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді», - деген еді. Содан бері бұл қаралы күн әр жылдың 15 ақпанында Ауған ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, қыршын кеткен боздақтарды еске алатын күн болып тарихымызға енді.

Еске алуға арналған шараға «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегерлері, полковник А.Ж. Коңыров, подполковник А.Н.Шашацкий және басқа да Ауған соғысы ардагерлері қатысты.

Олар студенттермен сұм соғыста бастарынан кешкен зұлмат кезеңдегі естеліктерімен бөлісіп, студенттердің көптеген сауалдарына жауап берді.

«Әлі күнге есімде, бірінші операцияға аттанған кезімде бойды қорқыныш билегені соншалық, қолымдағы винтовкамды ұстауға шамам келмеді.Тастардың арасына қойып, өзім тығылып жататынмын. Содан кейін жаныңда жүрген досыңның өлімін өз көзіңмен көрген соң ешқандай қорқыныш жоқ, тек дұшпадардан кек алу, өлтіру, қыру, жою деген өшпенділікпен соғыстық», - деп еске алды майдан даласынан аман оралған полковник Асқар Жәңгірұлы.

Шара барысында Кеңес әскерлерінің Ауған соғысында болған он жыл уақыттағы оқиғалары жазылған қаза болғандар саны көрсетілген тарихи хроникаға толы бейне материалдар көрсетіліп, ауғандық әндер шырқалды. Студенттер тарапынан да ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында даярланған мерекелік бағдарламалар ұсынылып, батырларымызға есте қаларлық жәдігерлер табысталды.

Шара соңында Ауған ардагерлері жастарды Отанды сүюге, досқа деген адалдыққа, бейбіт күннің тыныштығын бағалай білуге, ел басына күн туғанда еш ойланбастан қолға қару алып елді қорғауға шақырды.

 

Әскери кафедра