Мүдде бір, мақсат ортақ!

14.02.2018

Көрулер: 3197

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Британ Кеңесі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

ҚазҰУ ректоры Мемлекет басшысының үштілділікті енгізу мақсатында алдымызға үлкен міндет қойғандығын ерекше атап өтті. «Елбасымыздың «100 нақты қадам» жоспарын іске асыру бағытында университетімізде үш тұғырлы тілді дамыту саясаты қолға алынған. ҚазҰУ миссиясы кадрлық әлеуетті қалыптастырып жоғары білікті мамандар мен отандық және халықаралық еңбек нарығында қызмет жасайтын және ағылшын тілін жетік білетін бәсекеге қабілетті тұлғаларды қалыптастыру басты міндет», - деді Ғалым Мұтанов.

Қазақстандағы Британ Кеңесі директорының орынбасары Роуэн Кеннеди әртүрлі деңгейдегі тілдік курстарды өткізу оқытушылардың біліктілігін арттыратынын айтты. Сонымен қатар халықаралық «Болашақ»   степендиясының иегерлерін даярлауда аталмыш жоба өз нәтижесін беретініне сенім білдірді. Бұл ретте ҚазҰУ базасындағы алдыңғы қатарлы білім беру орталығындағы бірлескен серіктестік жұмыстар оң нәтиже беретініне сенім білдірді.

Кездесу барысында тараптар бекітілген ынтымақтастықтың алдағы уақытта бірлескен табысты жобаларға негіз болатынын айтты. Жақын арада алдыңғы қатарлы білім беру орталығының базасында Британдық Кеңестің қолдауымен халықаралық "Aptis" және "IELTS" тілдік тестілеуін өткізу жоспарлануда.

«2015-2020 жылдарға арналған Жол картасында білім берудің барлық деңгейінде үштілдікті дамыту мақсатында көптеген іс-шаралар әзірленіп бекітілген. Шет тілдері кафедрасының оқытушылары әртүрлі ағылшын тілінің курстарын ұсынуда. Бұл курстар ағылшын тілін одан әрі жетілдіргісі келетін немесе енді ғана тілді үйрене бастағандар үшін де көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Британ Кеңесімен бекітілген ынтымақтастық қарым-қатынас ағылшын тілін үйренуде көптеген мүмкіндіктерге жол ашады»,- деді шет тілдер кафедрасының меңгерушісі Айжан Молдағалиева.

Британ Кеңесі Қазақстанда 1994 жылдан бастап жұмыс жасайды, және әр түрлі жобаларды іске асырумен айналысып келеді. Атап айтсақ Біріккен Корольдігінің азаматтарына арналған халықаралық ынтымақтастықты қалыптастырумен қатар басқа да елдермен және адамдар арасындағы сенімділікті арттыру мақсатында ықпалдастық жасай отырып соның ішінде мәдениет пен білім беру саласына да баса назар аударады.

 

 

Баспасөз қызметі