Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындық басталды

12.02.2018

Көрулер: 7047

ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы өкілі әрі Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының директоры Криста Пиккатпен кездесті.

Кездесу әлемнің Аристотельден кейінгі Екінші Ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 2020 жылы аталып өтілетін 1150 жылдық мерейтойына дайындық барысына арналды.

Ғалым Мұтанов кездесу барысында ЮНЕСКО өкіліне Өркениет философы - Әбу Насыр әл-Фарабиді қысқаша таныстырып, оның ғылыми мұрасының қазіргідей алмағайып уақытта маңызы артып отырғандығын атап өтіп, «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру» атты қазіргі заман университеттері миссиясының жобасымен таныстырды.

Бұл жоба Әл-Фарабидің трактаттары мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ойлармен толықтай үндесіп отыр. Сондай-ақ, аталмыш құжатта жоғары оқу орындары алдағы уақытта қай бағытта және қалай жұмыс атқаруы тиіс екендігі айтылады.

Сонымен қатар, Ғалым Мұтанұлы Әл-Фарабиді әлемдік деңгейде кеңірек насихаттау мақсатында «Әл-Фараби–2020» атты кең ауқымды ақпараттық-насихаттық жұмыстары басталғанын атап өтті. Яғни биылдан бастап түрлі шараларды елімізде және шет елдерде кезең-кезеңмен ұйымдастырып, өткізу жоспарланып отырғанын да жеткізді.

Кездесу соңында Криста Пиккат Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге қолынан келгенше көмек көрсететінін айтып, осы бағытта бірге жұмыс істеуге ынталы екендігін білдірді.

ҚазҰУ-дың теле-радио кешені